Жұмысшы мамандықтарды насихаттау мақсатында Жамбыл облысында темір дәнекерлеу ісі бойынша халықаралық «Weldingskills» кәсіби шеберлік сайысы өтті. Байқауға Өзбекстан, Қырғызстаннан келген жастардан бөлек, еліміздің бірнеше өңірінен 10-нан аса колледж студенттері қатысты.
Олар №9 Меркі колледжінің өндірістік базасында темірді жапсыру, жанастыру және бөлу бойынша білім, біліктерін көрсете білді. Ал мұндай тапсырмаларды орындау үшін тоқпен әрі газ арқылы дәнеркерлейтін құрылғыларды пайдаланды. Қатысушылар алдымен түрлі сұйықтық құйылатын қалыптарды дәлдікпен дәнекерлеу тәсілдерін паш етті.
Азизбек Нұрланбекұлы, студент:
Бізді осы жерге шақырды, жастардың ой-өрісін өсіру ғой. Болашақ әріптестеріміз, мына қатысушылар - бәрі өз орнын табады деп ойлаймын. Бізге бәрі ұнады, тапсырмалар керемет. Менің қарсыластарым да мықты болды.
Темір тораптардың қыры қалай қабысқанын әрі металдың балқу қалыңдығын әр елден келген сарапшылар тобы бағалады. Олар жастардың қолынан шыққан қалыптарды қысым арқылы тексеріп көрді. Ал жарыс жеңімпазына Халықаралық білім беру технологиялары орталығы Шанхай қаласында тағылымдамадан өтуге тегін сертификат табыстады.
Бахромжон Джаникулов, байқаудың бас сарапшысы:
Біз Қазақстанда биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғанына өте қуаныштымыз. Бұл басқа елдерге үлгі болатын жоба дер едім. Бұл деген біздің кәсіптік саладағы мамандықтар мен мамандардың мәртебесін көтереді. Ал мұндай жарыс сала мамандарына деген сұранысты арттырады. Қатысушылардың барлығы бірінен-бірі өтеді. Сондықтан кім мықтыны анықтау қазыларға қиынға соқты.
Данияр Әлімқұл
