Димаш Құдайбергеннің Еуропа мен Америкада да жанкүйерлері күн санап артуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Димаш Құдайбергеннің Еуропа мен Америкада да жанкүйерлері күн санап артуда

13.07.2018

Қазақтың мақтанышы, елімізді әлемге танытқан Димаш Құдайберген «Славян базары» халықаралық фестиваліне төреші ретінде барды. Үш жыл бұрын ғана осы байқаудың жеңімпазы атанған Димаш бүгінде бар әлемнің назарында. Атақты Джеки Чан мен Лара Фабианды өнерімен тәнті еткен қазақ баласының Еуропа мен Америкада да табынушылары күн санап артып келеді.

Бұл - Димаштың Америкадағы жанкүйері Адам Стронг. Қазақтың талантты ұлының әлем тілдерінде құйқылжыта орындаған әнін бір жыл бұрын әлеуметтік желіден көріпті. Содан бері өзі «YouTube» арқылы Димаш Құдайбергенді көпшілікке танытумен айналысып жүр.

Адам Стронг, Д.Құдайбергеннің жанкүйері:

- Мен мұндай керемет дауысты бұрын-соңды естімедім. Диапазоны кең. Қиын, жоғары ноталарды еш қиналмастан алады. Шеберлік деп осыны айт. Димаш-менің ең сүйікті әншім.

Димаштың айтқанын қайталауға тырысып жатқан австралиялық Ребекка Атлит. Вокалдан сабақ беретін мұғалім жоғары ноталарды бағындыра алмай әлек. Онлайн сабақтары арқылы Димаштың әр әнін талқылап, оқушыларына «ән айтсаңдар, қазақтың әншісі сияқты айтыңдар», деп үлгі етіп жүр.

Ребекка Атлит, Д.Құдайбергеннің жанкүйері:

- Ол өз дауысының зор екенін біледі. Сондықтан, әнді қалай құбылтамын десе де өз еркі. Сахнада өзін-өзі ұстауы,  көрерменмен жұмыс істеуі, бәрі ғажап. Мұндай талант ғасырда бір туады. Басымды иемін.

Францияда да Димаштың табынушылары күн санап артып келеді. Жақында Парижде құрылған фанклубтың «Facebook» желісіндегі парақшаcына 5 мың адам тіркелген. Ең белсендісі Жослин Мерлэ. Зейнеткер жанкүйерлердің басын қосып, Парижде ауқымды шаралар өткізуді жоспарлап отыр.  

Жослин Мерлэ, Д.Құдайбергеннің жанкүйері:

- Димаштың ән айтып тұрған бейнебаянын бір жыл бұрын  досым телефоныма жіберіпті. Француз тіліндегі әнді шебер орындағаны жүрегімді тебірентті. Димаш ешкімге ұқсамайтын дара талант. Біз жақында құрған қауымдастық арқылы Димашты Францияда барынша танытуға күш саламыз.

Жослинге Димашпен былтыр қазанда ЮНЕСКО-да өткен концерт кезінде кездесу бақыты бұйырыпты. Ал, америкалық Адам мен австралиялық Ребекка кумирін көру үшін Қазақстанға сапарлаймыз деп отыр. Қазақтың біртуар әншісінің өнерін қастерлеушілер Димашпен еркін әңгімелесу үшін болашақта қазақ тілін де жетік меңгерсек деген ниетте.  

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу