Қарағанды облысындағы Ұлытау өлкесінде «Жезкиік» халықаралық музыка фестивалі басталды. Бүгін этноауылда отандық туроператорлардың қатысуымен туристік форум өтті. Жалпы, шілденің 12-і мен 14-і аралығында өтетін фестивальге бірнеше мемлекеттен 11 фольклорлық топ қатысып, өнерлерін көрсетеді.
«Жезкиік» халықаралық фестивалі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлері» және «Туған жер» жобасы негізінде ұйымдастырылған. Кең ауқымды шараға Мексика, Перу, Польша, Ресей, Түркия, Тәжікстан, Франция, Шотландия, Жапония мен Қазақстанның фольклорлық ұжымдары қатысады.
Нарине Григорян, фестивальға қатысушылардың менеджері:
- Фестивальге қатысуға ниет білдіргендер өте көп болды. Тіпті кей мемлекеттен бірнеше өнер ұжымдары шығып, солардың ең мықтысын таңдауға тура келді. Қазақстанда жекеленген мемлекеттерден келіп, фольклорлық ұжымдар өнер көрсетіп жүр. Ал, 11 елдің өнерпаздары қатысатын мұндай концерттер сирек. Сондықтан, өте қызық болады деп ойлаймын.
Жалпы, фестиваль үш күнге созылады. Шараның негізгі бөлімі Ұлытаудағы Болатсай мекенінде өтеді.
«Жезкиік» халықаралық фестивалі Ұлытаудағы осы этноауылда өтеді. Мұнда кіреберіс қақпасынан бастап ерекше дайындық жасалған. Міне, сахнаның өзі ұлттық нақышта безендірілген. Оның ені 37 метр, ал, биіктігі 12 метрден асады. Дәл осы сахнада әлемнің түкпір-түкпірінен келген фольклорлық топтар өнер көрсететін болады.
Елімізде мұндай кең ауқымды мәдени шараларды өткізу өлке туризмін дамытуға жол ашады. Жыл сайын Ұлытауға 12 мыңдай демалушылар келеді. Алайда, бұл аз. Кем дегенде туристердің саны 100 мыңға жетуі керек. Ал, оларды қарсы алу үшін арнайы орталықтың құрылысы басталмақ. Жоба құны 700 миллион теңге. Ұлытауға табан тіреген жұрт алдымен осында тынығып, сосын маршруттар бойынша тарихи орындарды аралайды. Осы және өзге де мәселелер бүгінгі өткен туристік форумда талқыланды. Оған 60 отандық туроператор қатысты.
Рәшит Күзембаев, «Қазақ туризм» ҰК төрағасы:
- Турөнім жасау керек. Бағыттар бар. Енді киіз үйлер тігулі тұруы керек, бауырсақ, қымызы толы дастархан болуы шарт. Джип автокөліктері болуы керек. Өйткені, бұл жерлердегі көп объектілерге бару қиын, дала жолы. Осында жергілікті шеберлер болуы керек. Олар сувинерлер шығаруы қажет.
«Жезкииік» халықаралық фестивалі осындай игілікті шараларға түрткі болмақ. Шараны тамашалауға шамамен 8 мың адам келеді деп күтілуде. Фестиваль 14 шілде күні Кеңгір су қоймасы маңында арнайы салынған амфитеатрда өтетін гала-концертпен түйінделмек.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.