Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер терроризм мен экстремизмге тосқауыл қойып, ақпараттық қауіпсіздікті арттыру үшін күш біріктіреді. Осы халықаралық ұйымға кіретін елдердің Сыртқы істер министрлері бүгін Қырғызстанда бас қосты.
Нұргүл Ахметова, тілші:
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының СІМ кеңесінің отырысына ұйымға мүше мемлекеттердің барлығының өкілдері қатысты. Әуелі Сыртқы істер министрлері Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен кездескеннен кейін негізгі отырыс басталды. Кеңесте талқыланған басты тақырып - халықаралық және аймақтық қауіпсіздік мәселелері. Жиын қорытындысы бойынша Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, терорризмге бастайтын радикалдық күштердің әрекетіне қарсы күш біріктіру үшін арнайы мәлімдеме қабылданды.
Жээнбек Кулубаев, Қырғызстанның Сыртқы істер министрі:
Қазіргі халықаралық ахуалдың тұрақсыздығын ескерсек, ұйым үшін ұжымдық қауіпсіздік мәселесі басым бағыт қана емес, нағыз статегиялық мәні зор мәселеге айналды. Жаһанды алаңдатқан күрделі жағдайлар Ұйымға мүше мемлекеттердің қауіпсіздік аспектілеріне қатысты өзара келісілген ортақ позицияның қажеттігін көрсетті. Сондықтан қабылданған шешімдер ықпалдастықты арттыруға негіз бола алады.
Нұргүл Ахметова, тілші:
Сондай-ақ Орталық Азия мен Ауғанстанда тұрақты дамуды қамтамасыз ету мақсатында БҰҰ аймақтық орталығы құрылмақ. Бұдан былай Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы аумақтық тұтастықты сақтау үшін халықаралық және өңірлік ұйымдармен байланысты күшейтпек. Осы мақсатта ШЫҰ, ТМД және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы арасында үшжақты жол картасы қабылданды. Ұйым болашақта осы келісімдерді жүзеге асыру үшін өзара ынтымақтастықты арттыруға уағдаласты.
Нұргүл Ахметова
