Қарағандылық Аман Сәдуақасов аршадан домбыра жасайтын жалғыз шебер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандылық Аман Сәдуақасов аршадан домбыра жасайтын жалғыз шебер

03.07.2018

Он саусағынан өнер тамған қарағандылық шебер Аман Сәдуақасовтың жасаған домбырасы Астрахань қаласындағы Құрманғазы атындағы мұражайдың төрінде тұр. Атадан балаға аманат болған кәсіпті абыроймен атқарып келе жатқан азамат аршадан домбыра жасайтын Арқадағы жалғыз шебер. Ол кезінде қазақтың талай дауылпаз күйшісіне домбыра жасаған. Көптеген жезтаңдай әншілер де бүгінде Аман ағамыздың қолынан шыққан аспаппен ән шырқап жүр.

Аман Сәдуақасов 5 жасынан домбыра тартып, ән шырқаған. «Киелі өнер әкемнен дарыды», - дейді ол. Мамандығы инженер бола тұра өнер жолын таңдайды. 1970-80-ші жылдары аралығында Талдықорғанның «Жетісу» және Ақтоғай ауданының «Тоқырауын толқындары» ансамбльдері құрамында әнші болған. Ал, 1992 жылдан бастап біржола домбыра жасауға бет бұрады. Қазір бұл өнермен кәсіби тұрғыда айналысатын, әрі аршадан домбыра жасайтын Арқадағы жалғыз шебер.

Аман Сәдуақасов, домбыра шебері:

- Әміре Қашаубаев 70 жыл бұрын Парижде ән салғанда, қазақтарды дүниежүзіне танытқанда арша домбырамен барған. Сол Ақтоғайдың аршасынан жасалған домбыра деседі. Бір домбыраны жасауға жарты ай, тіпті, кейде бір ай уақыт кетеді.

Күнге қурап, суға шірімеген аршаның ақсөңкесін тау-тасты кезіп табу, одан домбыра жасау оңай емес. Мұндай аспаптың қасиетін өнерді бағалайтындар жақсы түсінеді. Шебер кезінде Қаршыға Ахмедияров, Мағауия Хамзин, Нұрғиса Тілендиев сынды дауылпаз күйшілерге, белгілі жазушы Мұхтар Мағауинге домбыра жасаған. Қазір де Қарағандыдағы барлық музыка мектептерін аспаппен қамтып отыр. Тәттімбет оркестрінің тапсырысымен де 20 домбыра жасап беріпті.

Балғабек Смағұлов, Тәттімбет оркестрінің күйшісі:

- Домбырасының сапасы өте жоғары, дыбысы тамаша, ағашы қызыл ағаш. Қазіргі күнде осы Аман ағамыздың домбырасымен ойнап келе жатырмыз.      

Танымал айтыскер ақын Тілеген Әділов те Аман ақсақалға бірнеше мәрте келіп, домбыраға тапсырыс берген. «Ағаштан түйін түйетін шебердің ерекшелігі, қос ішекті аспапты жасаған кезде үнінің жақсы болуына баса мән береді», - дейді ақын.

Тілеген Әділов, айтыскер ақын:

- Ағамыздың домбырамен жаны бір, алпыс екі тамырында осы күй ойнап жатады. Ол кісінің жасаған домбырасының шешен болатыны өзі күйші, сазгерлігі бар, әнші. Домбырасы айтыскер ақындар үшін де ыңғайлы. Бауыры жұмсақ, жорға.

Шебердің дайын аспаптарын алғаш болып сынақтан өткізетін ұлы Рахат. Әкесінің қолқанаты. Жалпы, Аман Сәдуақасов 27 жыл ішінде 600-ге жуық домбыра жасапты. Дыбысы ерекше аспаптардың бағасы 150 мың теңгеден 3 мың долларға дейін жетеді. «Енді бар білгенімді жастарға үйретіп, шәкірт тәрбиелесем», - дейді шебер.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу