Өзбекстанда ауаның ластануына қарсы жұмыс күшейтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстанда ауаның ластануына қарсы жұмыс күшейтілді

26.06.2025

Өзбекстанның ірі қалаларында ауа ластанып барады. Құрылыс қарқын алған, көлік тым көп, жылыжайлар саны да артып келеді. Ел билігі құрылыс материалы мен энергия, газ өндіруші кәсіпорындарды қала сыртына көшіріп жатыр. Сапасыз жанармайдан бас тартпақ. «Жасыл мекен» ұлттық жобасын дамытуға миллиардтап қаржы бөлуде. Көрші ел ауа сапасын жақсарту үшін тағы не істеп жатыр?

Бұл әрине, әзіл. «Таудың таза ауасы бар, пакетін 15 мың сумға сатамын. Аш қарынға жақсылап бір жұтуға жетеді» деген пысықай жігіттің видеосы жуырда желіде қатты тарады. «Ауадан ақша жасау деген осы» десті жұрт. Ал Ташкенттегі ауа сапасы әзілді көтермейді.

Динара Шамухамедова, Ташкент қаласының тұрғыны:

Әр адам өзі туып өскен жерінің табиғатына бейімделеді. Денсаулықтың кепілі ішкен асымыз бен жұтқан ауамыздың сапасына тікелей байланысты. Ташкент жасыл желекке оранған шахар еді. Бірақ соңғы кезде құрылыс нысандарын салу үшін ағаш кесу белең алды. Қоршаған ортаның, атмосфераның тазалығы әрдайым маңызды.

Мұнда көліктер негізінен сұйытылған газбен жүреді. Жанармай тым қымбат, әлі күнге АИ-80 маркалы бензин жағатындар бар. Оның өзінің құны аспандап тұр. Біздің ақшаға шаққанда 300 теңгеден асады. Жыл соңына дейін сапасы төмен бензинді қолданыстан алып тастау жоспары бар. Жылу мен қуат өндіретін кәсіпорындарда мазутты отын ретінде пайдалануға тыйым салынбақ.

Андрей Жданов, мемлекеттік экологиялық сараптама орталығының бас сарапшысы:

Құрылыс материалдарын, әсіресе ұнтақ қоспаларды өндіретін зауыттар салуға мораторий жарияланған. Әрине, өндірісті мүлде тоқтатып тастау мүмкін емес. Сондықтан, мәселені шешудің бір жолы ретінде, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар қала сыртына көшіріліп жатыр. Олар санитарлық қорғау аймағына тән нормаларды сақтауы тиіс.

Ауаны ластайтын нысандардың әрқайсысы 5 гектар жерге ағаш отырғызуға міндеттелген. Ірі шахарларда ауа сапасын көрсетіп тұратын мониторлар орнатылуда. Ауыр жүк көліктері мен ескі машиналардың қалада жүруі шектелген. Көлік демекші, Ташкент пен барлық облыс орталықтарында әр аптаның бейсенбісі «Автокөліксіз күн» деп жарияланған. Бұл күні шенділер бастап, өзге тұрғындар қостап көлігін үйде қалдырып, жұмысқа автобус немесе метромен барады.

Базаркүл Отыншиева

Хабарламаларға жазылу