Астаналықтардың жиі демалатын орындары қайсы? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астаналықтардың жиі демалатын орындары қайсы?

21.06.2018

«Аспаған елім, таспаған елім,

Тарихын қайта бастаған дедім.

Жұмыр Жер, кенет, жүзік боп кетсе,

Гауһардай жанған – Астанам менің». Ақын - Маралтай Ыбырай Астананың сұлулығын, мүмкін, ұлылығын осылай шебер суреттейді. Рас. Бүгінгі Астана – әсемдік әлдиленіп, сұлулық саялаған жер. Бүгінгі Астана – татулық тербеліп, тұрақтылық төрлеген ел.

Бүгінгі Астана – бұрынғы астаналардың аманатын алып, Сарырқаның кіндігіне – болашақтың кілтін байлаған жас қала. Ал, тура 20 жыл бұрын Есілдің жағасында осындай шаһар бой көтереріне бірі сенді, көбі күдікпен қарады. Бүгінгі Астана – сұлулықтың символы, ұлылықтың ұясына айналды.

Мерейтой қарсаңында елордамыздағы ең ірі ғимараттар мен нысандарға шолу жасадық. Астаналықтар мен қала қонақтарының жиі баратын, серуендеп, демалатын орындары қайсы?

Ұлттық Музей.  2014 жылы 2 шілдеде ашылды. Ол 74 мың шаршы метр жерді алып жатыр. Және тоғызыншы қабатқа дейін ауыспалы қабатты болып келетін жеті блоктан тұрады. Жалпы көлемі 14 мың шаршы метрден асатын экспозициялық алаң 14 залды еншілеген.

Бейбітшілік және келісім сарайы. Пирамида іспетті етіп тұрғызылған сарай 2006 жылы 2 қыркүйекте салтанатты түрде ашылды. Болат пен тастан тұрғызылған сарай бүгінде өзара рухани түсінушіліктің жаһандық орталығына айналды. 

Хазірет Сұлтан мешіті. Бұл Алла үйінің жалпы аумағы 17,7 мың шаршы метр. Мешіт жобасы қазақтың дәстүрлі ою-өрнектері мен ұлттық нақыштағы сәндік элементтері қолданыла отырып, классикалық ислам үлгісінде орындалған. «Хазірет Сұлтан» мешіті – Қазақстан бойынша ең үлкен күмбезді мешіт. Оның биіктігі – 51, ені – 28,1 метр.

«Хан Шатыр» Астана қаласындағы ірі ойын-сауық және сауда-саттық орталығы. 2010 жылы 6 шілдеде Астана күніне орай ашылған кешен көпшіліктің ең сүйікті жері. Кешеннің биіктігі 200 метр. Оның ішкі көлемі 110 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Ғимараттың сәулетшісі – есім-сойы шартарапқа танымал Норман Фостер. 

«Астана арена» стадионы. Бұл стадионға 30 000 көрермен сияды. Әлемдегі қозғалмалы шатыры бар алты стадионның бірі. Жылжымалы шатыры 20 минутта ашылып-жабылады. Стадионның алаңы жасанды және әлемдік деңгейдегі ойындар мен концерттерді өткізуге бейімделген. «Астана Арена» 2009 жылдың 3 шілдесінде ашылған.

«Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалды кешені. 2001-де ашылған. Мұнда ауданы 1,7 га жерде елімізді алақандағыдй көруге және оның сәулетті-ландшафті тарихымен танысуға болады. Картада 14 облыс және республикалық мәнді 2 қала: Астана мен Алматы бейнеленген.

Ал, «Думан» ойын-сауық орталығы 2003 жылдың мамыр айында ашылды. Басты ерекшелігі – океанариум. Орталықтағы мұхитарал - ТМД-дағы тұңғыш салынған нысандардың бірі. Ондағы су қоры - 3 миллион литр. Оны әзірлеу үшін 120 тонна теңіз тұзы қажет болған екен. Бұл - мұхиттан 3000 шақырымнан аса қашықтықта орналасқан әлемдегі жалғыз океанариум.

«Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театры. Бұл  тікелей Елбасының бастамасымен бой көтерген мәдениет ордасы. «Астана Опера» залына 1 мың 250 көрермен сияды. Оның партері 450 көрерменге арналған.  Бас сахнасының көлемі – 935 шаршы метр. Бас сахнаның ені 21, ал тереңдігі – 59 метр.

Астананың символы – Бәтерек. Биіктігі 97 метр. Ұшар басында алтын шар орналасқан. «Бәйтерек» нысаны үш бөліктен тұрады; жер асты бөлігі ұлттың тамыр жаюы, ал одан кейінгілері өркендеу кезеңдерінің нышандарын білдіреді. Ең жоғарғы жағында «Аялы алақан» композициясы орын тепкен. 

EXPO қалашығы. Оның архитектуралық символы саналатын Көрме кешенінің орталық элементі – «Нұр Әлем». Бұл әлемдегі ең үлкен сфералық ғимараттың диаметрі 80 метр, ал биіктігі 100 метр. Кешен 175 гектар жерде орналасқан.

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу