Қызылорда облысындағы Жалағаш ауданының қариялары жастарды еңбекке баулудың үлгісін ұсынып отыр. Салт-дәстүрді насихаттай отырып, оларды ұлттық құндылықты дәріптеуге үйретпек. Ауылдың үлкендері жастарға мал сою, табақ тарту, қонақ күту жоралғыларын көрсетті. Өрме төс, бұжы, бүрме секілді соңғы кезде ұмыт болған ұлттық тағамдар да әзірленді.
Таң атысымен мал сойылды. Ет жіліктеліп, қазанға салынды. Қазақта табақ тартудың өз реті бар. Жамбас пен ортан жілік, белдеме мен сүбе қабырға, қазы-қарта, жал-жая кәделі бас табаққа салынады. Жалпы, халқымызда табақ тарту үрдісінің 10-ға жуық түрі бар. Оқушыларға соның барлығы жіті түсіндірілді. Ішек-қарыннан да небір дәмді ас әзірлеуге болады. Клара Махамбетова жас қыздарға өрме төс дайындау әдісін көрсетті.
Клара Махамбетова, аспаз:
- Төс бүйенге тығылып, сыртынан қойдың ас ішегі өріліп, асылады. 2,5-3 сағатта дайын болып, күйеу балаға тартылады.
Ата-бабамыздың ас мәзірінде болған ұлттық тағамдар дастарханның сәні. Ақ жаулықты аналар индустриалды-аграрлық колледждің жатақханасында тұратын студент қыздармен бірге құрт жайып, ірімшік те қайнатты. Диірмен тартып, келі түюді көрсетті.
Ауылдағы берекелі тірліктің көрінісі. Ақшаңқан киіз үй көздің жауын алады. Алтыбақанда тербелген жастар. Төл мәдениетті сақтай отырып, заман ағымымен жаңғыруға ұмтылған жастар үшін бұл өте пайдалы, тағлымды шара.
Қаншагүл Мұстафаева, «Нұр Отан» партиясы Жалағаш аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
- Жас отбасыларды отбасылық өмірге бейімдеу мақсатында осы шараны ұйымдастырып жатырмыз. Қыз бала бір мезетте 7-8 тағамды дайындаудың тәсілін үйреніп алатын болса, әрі қарай да тамақтың түрлерін үйренуге болады деп есептеймін.
Ал, бұл - «Батыр аналар» ансамблі. Жалағашта Еңбек деген ауылда алтын құрсақты аналар тұрады. Олардың арасында 18 баланы өмірге әкелген нағыз дара тұлғалар бар. Осындай ауылдың ақ жаулықты аналарының өмірі мен өнегесі - келешек ұрпаққа үлгі.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ