Санкт-Петербург мемлекеттік университетінде Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы таныстырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Санкт-Петербург мемлекеттік университетінде Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы таныстырылды

18.05.2018

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабы Санкт-Петербург жұртшылығына таныстырылды. Салтанатты шара 300 жылдық тарихы бар Ресейдегі ең көне оқу орны саналатын  Санкт-Петербург мемлекеттік университетінде болды. Тұңғыш Президент қоры мен университет басшылығы бірлесіп ұйымдастырған кездесу Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі мен Санкт-Петербургтегі Бас консулдығының қолдауымен өтті. Кітаптың таныстырылымынан соң Тұңғыш Президент қоры мен ҚР Конституциялық Кеңесінің жетекшілері осы қалада оқып жатқан 400-ге тарта қазақстандық студентпен арнайы кездесті.

«Тәуелсіздік дәуірі» - 500 беттен тұратын туынды. Кітап азаттық алған уақыттан бергі қазақтың тарихы жайлы. Яғни, еліміздің жеткен жетістіктері мен тап болған қиындықтарын,  өзге емес, тұңғыш Президенттің өзі баяндайды. Басылым сонысымен де құнды. 

Игорь Рогов, ҚР Тұңғыш Президент қоры атқарушы директорының орынбасары:

- Бұл кітап тек өткен тарихқа ғана арналған сараптама емес, келешекке де бағытталған даму бағдарламасы іспетті. Мұны оқыған адам Қазақстан қоғамының алдағы уақытта қалай өзгеретінін, дамудың қай жолымен кетіп бара жатқанын біле алады. Бұл ауқымды істің басында тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Кітаптың таныстырылымы кезінде өз ойларын айтқан шетелдік мамандар, біздің осы пікірімізді қуаттай түсті. 

Кітаптың таныстырылымына петерборлық ғалымдар, қоғам қайраткерлері және жергілікті қазақтар мен елімізден келген делегация өкілдері қатысты. Тараптар «Тәуелсіздік дәуірін» оқу арқылы Қазақ елін жаңа қырынан танығандарын айтты.   

Николай Кропачев, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің ректоры:

- Кітапты оқи отырып Қазақстанда  қысқа мерзімде қыруар шаруа атқарылғанын көреміз. Енді, Қазақ елі 2050 жылға қарай әлемдегі озық 30 елдің қатарына кіргелі отыр. Меніңше, бұл стратегиялық жоспар мерзімінен бұрын орындалады. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басқа елдердің ойына да келмейтін үлкен міндеттерді алға қойып қана қоймай, соған қол жеткізетіні, бүкіл жауапкершілікті өзіне алатыны таңқалдырады.

Салтанатты шарадан соң жиналған қауым «Астана – ұлы даланың інжу-маржаны» деп аталатын фотокөрмені тамашалады. 60-тан аса суретте елорданың ең әсем ғимараттары көрсетілген. Содан соң, қазақ делегациясы Петербургте оқып жатқан біздің студенттермен кездесіп, Қазақстандағы саяси-экономикалық және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жайлы жастарға жан-жақты ақпарат берді.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу