Көшпелі көрме – көпшіліктің сұранысына ие. Халықаралық музей күніне орай Тараз қаласында осындай бірнеше көрме ашылды. Оңтүстік Қазақстан облысындағы тарихи-мәдени-этнографиялық орталық күміс бұйымдар топтамасын елдің назарына ұсынса, жамбылдықтар Қарахан мемлекеті тұсындағы тарихи жәдігерлерді осы көрмеге қойды.
Мына көздің жауын алатын күміс бұйымдар - Түркістан қаласынан әкелінген тарихи топтама. Он тоғызыншы және жиырмасыншы ғасырға тиесілі. Күміс металдың адам ағзасына пайдасын жетік білген ата-бабаларымыз әр әшекейді өзгеше зерлеп соқтырған. Көрмеге қойылған хан мен ханшаның отау жүзігі, шашбау мен алқа, белдік пен білезік өзінше ерекше, бір-біріне ұқсамайды.
Омар Жексембаев, ОҚО тарихи-мәдени-этнографиялық орталығының Жалпы экскурсиялық жұмыс бөлімінің меңгерушісі:
- Бұл мұралардың барлығында терең астар жатыр. Соны ұғынып, түсінсе, жастарымыз да рухани жаңғыруға үлес қосады деп ойлаймын.
Келесі көшпелі көрме туристер көп келетін Қарахан баба кесенесінің аумағына қойылды. Қарахан мемлекеті тұсында қолданылған тұрмыстық бұйымдар мен мыс тиындар бағзы заманның белгісі. . Тоғыз ғасыр бұрынғы тарихи жәдігерлер шет мемлекеттен келген туристерді де таңқалдыруда.
Даниэля Рабитти, Италиядан келген турист:
- Музейге келгеніме қуаныштымын. Біздің елде дәл мынадай ескерткіштер жоқ. Біздегі тарихи архитектуралық нысандар басқаша, үлкен қамалдар, қорғандар секілді. Мұндағы этнографиялық музейлер өте ұнады.
Асылжан Шайділдаев, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінің мәдени қызметкері:
- Бұл жәдігерлер сол дәуірдегі бабаларымыздың мәдени тұрғыдан да дамығандығының дәлелі.
Қазақтың ежелгі тарихын, салт-дәстүрін, болмысын көпшілік көрмеден жете тануға мүмкіндік алды. «Рухани жаңғыру өткен тарихты зерделеуден басталады, сондықтан, мұндай игілікті шараны ел назарына жиі ұсынатын боламыз», - дейді ұйымдастырушылар.
Г.ҚАЙРАТҚЫЗЫ
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.