Қарағандыда жыраулық поэзияның көрнекті өкілі — халқымыздың асқан кемеңгер ойшылы, Абылай ханның ақылшы биі, «Көмекей әулие» атанған Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығына арналған бірінші Халықаралық жыршы-жыраулар фестивалі өтті.
Биылғы жылы Қарағанды облысында ұлы бабамызды ұлықтау мақсатында осындай ауқымды көптеген іс-шаралар жоспарланған. Фестивальге Ресей Федерациясы, Моңғолия, Қырғыз және Қарақалпақстан елдерінің өнерпаздары қатысты. Сондай-ақ, еліміздің түкпір-түкпірінен келген жыршылар өз өнерлерін көрсетті. Халықаралық шараға «ТҮРКСОЙ» ұйымының өкілдері де қатысты. Келешекте Бұқар жырау Қалқаманұлы атындағы жыршы –жыраулар фестивалін Түркия төрінде өткізу жоспарланып отыр.
Асқар Тұрғанбаев, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымындағы Қазақстан өкілі:
- Біріншіден, Бұқар жыраудың мұрасы бұл тек қана қазақ халқының мұрасы емес, Қазақстанмен шекаралас, тағдырлас түркі халықтарының ортақ мұрасы. Осы ортақ мұраны біз қолымыздан келгенше неғұрлым көбірек насихаттасақ, соғұрлым жақсы болады. Осы жыршылық дәстүрді, жыраулық дәстүрді қайта жаңғырту үшін бұл шараның маңызы ерекше.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.