Елімізде жылда маусым айының екінші жексенбісі – малшылар күні тойланады. Бұл тек кәсіби мереке емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан дәстүрге құрмет, шаруаның еңбегін бағалап, мерейін арттыратын күн. Қостанай облысында қаладан көшіп, туған жеріне оралған, мал көбейтіп, кәсіп бастаған азамат тұрады. Ауыл тіршілігін тілшіміз Мәдина Нағашыбай баяндайды.
Мәдина Нағашыбай, тілші:
Облыс орталығынан 25 шақырым жерде Семилетка ауылының іргесінде бір отар қой бағып, ата кәсіпті дөңгелетіп отырған малшы тұрады. Бір қызығы, озық технологияны да өзінің шарушылығының пайдасына асырып отыр. Шарбағына қарата бейнебақылау камерасын орнатып қойған. 24 сағат, тәулік бойы байланыссыз күн батареясы арқылы жұмыс істейді.
Руслан Батаев осыдан 10 жыл бұрын қаладан ауылға әкесі тұрған үйге кәсіп бастау үшін көшіп келген. 20-30 бас қойдың басын бүгінде 650-ге жеткізіп отыр. Қыстық мал азығын жаз бойы өзі орады. Мал сұрап келетіндер көп, ең бастысы табыс бар, бұның бәрі қажырлы еңбек пен кәсібіме деген адалдығымың жемісі дейді.
Руслан Батаев, шопан:
Жаңбыр, ыстығына қарамаймыз. Сол күнде таңғы 5-те малдарды шығарамыз. Кез келген уақытта, 24 сағат қасында жүру керек, сондықтан жастар келгісі келмейді-ау деймін. Ерінбесең, ақша да болады, бәрі де болады. Ешқандай несие жоқ, мал бақсаң. Малмен айналысу керек, бұл ата-бабаларымыздан қалған кәсіп.
Былтыр қой тұқымын асылдандыру үшін Қарабалық ауданынан тағы 10 бас Еділбай қошқарын алып келген екен. Себебі ыстық-суыққа төзімді әрі етті келеді. Айтуынша, 5-6 жылда таза тұқым алып шығуға болады. Енді мемлекеттен қолдау болса, бордақылау алаңын ашуды жоспарлап отыр.
Мейрамбек Бокишев, Қостанай ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы:
Қостанай ауданы бойынша қазір мал басы саны жылдан жылға арта түсуде. Оған бірден бір себеп – мемлекеттен бөлінетін қаржыландыру, қосымша субсидияландыру және мемлекеттік бағдарламалар. Жалпылама, қазір аудан бойынша ірі-қара мал 42 мың үстінде, ұсақ қара мал 35 мың, жылқы басы 12 мың үстінде.
Жалпы, облыс бойынша мал басының саны 3-тен 15%-ке өскен. Биыл бұл мақсатқа мемлекет бюджеттен 7,5 млрд теңге бөлді, оның 1,7 млрд теңгесі игерілген.
Мәдина Нағашыбай
