Түркияның туристік аймағы Муғла провинциясында 5,8 балдық жер сілкінісі болып, 75 адам зардап шекті. Зілзаланың ошағы Эгей теңізінде, 67 шақырым тереңдікте анықталған. Жер дүмпуі теңіз жағалауындағы Измир, Айдын, Муғла сияқты бірнеше қалада сезілді. Зардап шеккендердің көбі ғимараттың құлауынан қорқып жоғары қабаттан секірген.
Сондай-ақ жер сілкінісінен қатты үрейленіп, жүрек талмасы ұстап қалған 14 жастағы жасөспірім қыз ауруханада көз жұмды. Аймақ басшыларының хабарлауынша өңірде қираған немесе қандай да бір зақым келген ғимарат жоқ. Су, газ құбырлары мен электр желілері үзілмеген. Сейсмолог мамандар тұрғындарға қауіп төнетіндей қуатты жер сілкінісі болмайды деп болжап отыр.
Айдос Әшімұлы
