«Дудар-ай» - француз әншісінің сүйікті әні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Дудар-ай» - француз әншісінің сүйікті әні

11.04.2018

Қазақ әні сайын даланы шарлап, Еуропаға жетті. Бұған дейін талай жұртты тамсандырған «Дудар-ай» әні енді Франция халқының да сүйікті әніне айналды. Француздың джаз әншісі Мелвин Клерулт халқымыздың інжу-маржанына айналған әнді қазір Париждегі концерттерде орындап жүр.

«Дудар-ай» Мелвин Клерулттың репертуарындағы сүйікті әндерінің бірі. Француз әншісі үні мен әуені ерекше әнді бір естігеннен-ақ, ұнатыпты. Композицияны қатесіз орындау үшін ғаламтордағы барлық нұсқасын тыңдап, қазақ музыканттарының ақыл-кеңесіне құлақ түріп, әбден жаттыққанын айтады.

Мелвин Клерулт, француз әншісі:

- Қазақстанмен, қазақ әнімен Франциядағы қазақстандықтар қауымдастығының президенті Берлин Иришев арқылы таныстым. Бір күні ол кісі менен «Сіз қазақтардың қонақжайлығы жайлы не білесіз?»-деп сұрады. Ештеңе білмейтінмін. Содан Алматыға арнайы сапарладым. Қазақ халқының қонақжайлығы, мәдениеті расында керемет екен. Халық қандай музыка тыңдайтынын білгім келіп, сұрастырсам, халық әндері де, жалпы музыкасы ғажап екен. Содан, осы «Дудар-ай» қатты ұнап, үйренуге кірістім.

«Дудар-айды» шырқағанда жаным рахатқа бөленеді», деп ағынан жарылған Мелвин қазақ әнінің құдіретіне тәнті. «Жүректі тербеп, сағынышты сағынышқа жалғайтын ән иірімдерінен ұлт рухы, өткен өмір көріністері елес береді», - дейді әнші.

Мелвин Клерулт, француз әншісі:

- Бұл әнді үйрену маған аса қиын болған жоқ. Себебі, мен бар күш-жігерімді сарп етіп, жүрегіммен әнді құлай сүйдім. Әуені өте әдемі. Негізі, өзім афро-американдық джаз, ностальгия стиліндегі әндерді орындаушымын. Бірақ, «Дудар-ай» менің ішкі жан-дүниемді дүр сілкінтті, эмоцияға толы, керемет ән.

Мелвинге қазақ әнін үйретіп, сүйемелдеуге Францияда оқитын қос қандасымыз Әйгерім Матаева мен Әйгерім Ерсаинова көмектесіп жүр. Бірнеше музыкалық аспапта еркін ойнайтын музыканттар Парижде «Қорқыт» қазақ мәдени орталығын, «Арт амбасадор» яғни, «Өнер елшісі»деп алатын агенттік құрған. Қазақ мәдениетін, өнерін әлемге танытуды көздеген жерлестеріміз Мелвиннен көп үміт күтеді.

Әйгерім Ерсаинова, «Қорқыт» қазақ мәдени орталығының жетекшісі, музыкант:

- Мелвиннің біздің өнерімізге, халық әндерімізге қызығушылық көрсетіп тұрғанына қуаныштымыз. Мелвин өзі өте ашық, Қазақстанда екі рет болды. Қазақстан халқын өте жақсы көреді. Қазақстанға біреу бара жататын болса, келе жатса, қызығып сұрап, әрқашан жаңа әндер шықты ма деп сұрап тұрады.

Мелвин «Дудар-айды» қазір Париждегі концерттерде, джаз клубтарында құйқылжыта орындап, көпшіліктің ықыласына бөленіп жүр. Репертуарын тағы да қазақтың халық әндерімен толықтырсам дейді. Содан соң, Димаш Құдайбергеновпен бірге ән шырқап, Қазақстан мен Францияда жеке концерт беруді де жоспарлап отыр.

 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу