Гарвард университетінде «Болашақ» бағдарламасымен 7 қазақстандық студент оқып жатыр. Бұл - еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегі. Министрлікте басқа бағдарламалар немесе өз қаражатына оқып жатқан студенттер туралы мәлімет жоқ.
АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Гарвард университетін шетелдік студенттерді оқыту құқығынан айырды.
Трамп әкімшілігі әйгілі оқу орнын зорлық-зомбылық, антисемитизм және Қытай компартиясымен байланыс үшін айыптап отыр. Гарвард басшылығы болса, Ақ үйдің тыйымын «заңды өрескел бұзу» деп сипаттап, сотқа шағым түсірді.
Гарвард өзге елдерден келген шәкірттеріне АҚШ-та қалу үшін басқа университеттерге ауысуға кеңес берген. Ал «Рейтердің» дерегінше, университет басшылығы студенттерді әзірге отандарына оралмауға шақырып, дауды алдағы 72 сағатта реттеуге күш салатынын мәлімдеді. Гарвардтағы 6800 шетелдік студенттің үштен бірі Қытайдан келгенін атап өту керек.
Ернұр Медет
