Қазақстан мен Түрікменстан арасында визасыз режим енгізілуі мүмкін. Шекаралас жатқан елмен алыс-беріс, барыс-келіс іркіліссіз дамитын болады. Бүгін Мәжілісте арнайы заң жобасы ратификацияланды. Инвесторлардың мүддесін қолдап, қорғауды мақсат еткен құжаттың маңыздылығы жайлы Парламент Мәжілісінен Самал Қабышева толықтырады.
Қазақстан Түрікменстанмен шекаралас жатқан ел. Алайда екі ел арасында тікелей қатынайтын әуе рейстері жоқ. Көрші елге жету үшін алдымен Түркияға бару керек әрі виза қажет. Жауапты ведомство өкілдерінің сөзінше, бұған дейін әуе рейстері болған. Тек жолаушы болмағандықтан жабылған. Қазір визасыз режимді енгізу мәселесі министрлік деңгейінде қаралып жатыр. Енді екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты арттыруға басымдық беріледі.
Әлібек Қуантыров, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
2024 жылы 10 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемеұлы Тоқаев Ашхабад қаласына ресми сапары барысында аталған Келісімге қол қойылды. Бұл Келісім Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы жаңа екіжақты құжат және екі мемлекеттің инвестицияларына мүмкіндіктер бере отырып, ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге арналған.
Энергетика, көлік, логистика, транзит. Негізі бағыт осы салаларда. Бүгін Мәжілісте ратификацияланған құжаттың жұмыс тобына жетекшілік еткен депутат Болат Керімбек инвесторларға ерекше қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Болат Керімбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Заң не береді? Яғни, бізден баратын инвестицияға кепілдік керек. Өйткені үлкен қаражат болған соң, барлығы осы заң аясында реттеледі. Яғни, салған ақшаның кепілдігі, түрлі жағдай болса, ол сот арқылы немесе қалай реттеледі? Барлық принцинтері осы заңда қаралған.
Ал былтыр Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы тауар айналым 555 млн доллардан асқан. Оның ішінде экспорт – 335, ал импорт – 220 млн долларға жеткен. Дегенмен екі ел арасындағы тауар айналым 1,3%-ға төмендеген.
Самал Қабышева, тілші:
Түрікменстанның газ қоры бай. Әлем бойынша үздік бестікке кіреді. Қазақстан үшін оны бірлесіп игеру маңызды. Яғни, еліміздің елді мекендерін Түрікменстанның газымен қамтамасыз ету - бүгін ратификациялан келісімнің басты мақсаттарының бірі.
Самал Қабышева
