Электр энергиясы нарығында провайдерлер көбейіп, дәлірек айтсақ – 18 заңды тұлға, Жоғары аудиторлық палата басшысы Ә.Смаиловтың айтуынша, онсыз да күрделі нарықты одан әрі бұлыңғыр ете түскен.
Себебі олардың қызметі реттелмеген, тиісінше жеткізетін энергияның бағасы мен көлемін бүкіл нарықпен санаспай белгілейді.
Нарықтағы бірыңғай операторларды айналып өтіп, 200 млрд теңге тұратын 13,7 млрд кВт сағат электр энергиясын сатып алған. Арасында өте ауқымды энергия тұтынатын майнерлер бар. Былтыр мысалы, майнерлер 901 млн кВт сағат энергия сатып алған.
Ә.Смаилов Энергетика министрлігін кінәлады. Негізсіз емес. Себебі елімізде электр энергиясы қат. Ал сондай жағдайда майнерлердің бақылаусыз энергия тұтынып, реттелмеген баға бойынша энергия сатып алуынан бүкіл шығын барлық тұтынушыға артылады.
Жалпы электр энергиясын балансқа түсіретін нарық дегеніміз – ағымдағы уақытта электр энергиясын тұтынуға сәйкестендіріп, түзеп отыратын нарық. Жеткізу мен тұтынудың арасындағы дисбалансты жою үшін керек. Сол балансқа түсіретін нарықтағы жағдай бейнелеп айтқанда «көже». Мысалы, электр станцияларының тарифтері қоғамдық тыңдаусыз бекітіледі. Ал сметалар мен орындалуы жайлы есептер жарияланбайды. Формулалар өте күрделі, түсініксіз параметрлерге негізделген.
Ал электр энергиясын балансқа түсіретін нарықтың сату және сатып алу үшін құрылған есептегіш орталығы «КОREМ» өзінің операцияларын ақпараттық қауіпсіздік сынақтарынан өтпеген бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы жасайды.
Нәтижесінде тарифтер 34,7 млрд теңгеге негізсіз өскен. Ащы күлкі туғызатыны – тұтынушылар оны төлеген.
