«Абайдың қара сөздері» аудиохристоматиясы көпшілік назарына ұсынылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Абайдың қара сөздері» аудиохристоматиясы көпшілік назарына ұсынылды

12.03.2018

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Абай» журналының 100 жылдығына орай «Абайдың қара сөздері» атты аудиохристоматиясы көпшілік назарына ұсынылды. Онда һәкім Абайдың қара сөздері топтастырылған. Жалпы, еліміздің 20-ғасырдағы баспасөз тарихында өзіндік орны бар журналды зерттеу-зерделеу әлі жалғасып жатыр. Өйткені, 1918 жылдың 4 ақпанында Семейде жарық көрген «Абай» журналының кей сандары әлі табылған жоқ. Сондықтан, қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуші ғалымдар осы уақытқа дейін «Абай» журналының тек 11 саны жарық көрді деген көзқараста болатын. Алайда, журналист Алтын Ақынбекова үздіксіз ізденісінің арқасында «Абай» журналының 12-ші санын тапты. Төте жазудағы материалды кирилл қарпіне ауыстырып, ғылыми айналымға енгізді. Енді бұл да Қазақтың бас ақынының атауын алған журналды зерттеймін деген жастар үшін құнды мұраға айналып отыр. 

Алтын Ақынбекова, журналист, PhD докторант:

- 100 жыл бұрын шыққан «Абай» журналында ең алғаш Абайдың қара сөздері басылған. 12-санында Абай Құнанбайұлының 6 қара сөзі басылған екен. Біз «Абай» журналының 100 жылдығына арнап, қолдау көрсетейік, үлесімізді қосайық деген мақсатта «Абайдың қара сөздері» деген хрестоматияны дайындап, дыбыстап шығардық.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу