Елімізде шегірткемен күреске 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Оңтүстік аймақтарда дәрілеу жұмыстары қарқын алған. Дегенмен, зиянкестер көршілес Өзбекстаннан қайта келу қаупі бар. Бүгін Үкімет отырысында көктемгі егіс науқаны, вегитациялық кезең және зиянкестермен күрес мәселелері қаралды.
Биыл еліміз бойынша 23,7 млн гектар алқапқа дән себіледі. Президент дақылдарды әртараптандыру міндетін жүктеген.
Соған сәйкес, 2 жыл ішінде бидай алқабы 750 мың гектарға қысқарды. Азықтық және майлы дақылдар алқаптары 3,3 млн гектар, күнбағыс алқабы алғаш рет 1,4 млн гектарға жетті. Дәнді және бұршақ дақылдарын 16,6 млн гектарға егу жоспарланған. Мақта алаңы 135 мың гектар болмақ.
Егіс алқаптарының көлемін өзгертуге су тапшылығы да әсер етіп отыр. Биыл күріш пен мақтаның егіс алқаптары 41 мың гектарға қысқартылмақ.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
Биылғы вегитациялық кезеңде білгілі бір тәуекелдер болуы ықтимал. Су тапшылығын айқын көрсететін мысалдардың бірі Жамбыл облысындағы Бүркітті су қоймасының жағдайы. Қазіргі уақытта оның толу деңгейі жобалық сыйымдылығының 25 пайызын ғана құрап отыр. Осыған байланысты су көздерін пайдаланатын егіс алқаптарының көлемін шектеу ұсынылады.
Егіс науқанына 400 мың тоннадан астам дизель отыны бөлінген. Шаруалар жағармайды нарықтық бағадан 20 пайызға арзан сатып алып жатыр. Министрдің мәліметінше, егіс жұмыстарына техника да толық дайын.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Егіс жұмыстарын ерте қаржыландырудың арқасында шаруалар негізгі ресурстарды, яғни тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай мен ауыл шаруашылығы техникасын қолайлы бағамен алып үлгерді.
Астықтың шығымы ауа райына тікелей байланысты екені белгілі. Болжам бойынша биылғы жаз диқандарға қолайлы. Дегенмен...
Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
Астық егетін аймақтарда егін егу жұмыстарын мерзімінен ертерек жүргізу ұсынылады. Алдын ала болжам бойынша тамыз, қыркүйек айлары егіннің пісуі және оны жинау жұмыстарына қолайлы болады деп күтілуде. Мол және ұзаққа созылатын жауын-шашын жаумайды. Елдің басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1 градусқа жоғары болады.
Келесі негізгі мәселе - зиянкестер. Қазірдің өзінде шегірткелер 2,1 млн гектар алқапқа таралған. Дәрілеу жұмыстарына 443 бірлік бүріккіш техникасы мен 4625 маман жұмылдырылған.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
Бұл өңірлердің әкімдерімен бірлесіп сапалы морниторингті, профилактиканы және қорғау шараларын жүргізуді қамтамасыз ету керек. Шегірткенің таралу болжамдарын үнемі жаңартып, жедел шаралар қабылдау үшін ведомство аралық үйлестіруді күшейту қажет. Дәл қазіргі сәтте Түркістан және Жамбыл облыстарына көңіл бөліңіздер.
Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдіктеріне орақ науқанына дейінгі жұмыстарды барынша бақылауда ұстауды тапсырды.
Оңғар Алпысбайұлы
