Қазақ киноөндірісін дамыту үшін заңнамалық тұрғыдан қолдау керек. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаттарымен кездескен кино өнерінің майталмандары айтты. Әлеуметтік мәдени даму комитеті және жұмыс тобының көшпелі отырысында Асанәлі Әшімов, Дулат Исабеков, Сатыбалды Нарымбетов сынды танымал тұлғалар қазақ киносының күрмеулі мәселесін сөз етті. Мысалы, бүгінде отандық кинопрокаттағы қазақ тіліндегі киноның көрілімі 4-ақ пайыз. Ал, 96 пайызы сырттан келетін фильмдер. Қазақ тіліндегі кинолар көп жағдайда көруге ыңғайсыз уақытта, түн ортасында қойылады. Жеке кинотеатрлар «өзім қожа, өзім би» деп, «Қазақфильмнің» туындыларын екінші кезекке қояды. Ал, кино өнерін ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды идеологиялық құрал десек, бүгінгі буын сырттың көзқарасымен тәрбиеленіп жатыр. «Сондықтан, заң қабылдаған кезде ұлттық киноға басымдық берген Францияның кино туралы заңы ескерілуі қажет», - дейді зиялы қауым өкілдері.
Гүлнар Ықсанова, ҚР парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бүгін ұлттық киноның көрерменге жетуі туралы көптеген идеялар мен нақты ұсыныстар айтылды. Халыққа шетелдің киноларын көрсете бермей, өзіміздің құндылықтарымызды насихаттайтын туындыларды ұсыну қажет. Мәселен, біздің ортамызда жүрген біртуар жандар мен тарихи тұлғаларымыздың өмірі туралы тәрбиелік маңызы бар кино түсіріп көрерменге жеткізу. Біз бүгін осы саланың білікті мамандары айтқан ұсыныстардың бәрін ескереміз.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ