Осы аптада Вьетнам коммунистік партиясы орталық комитетінің бас хатшысы То Лам елімізге мемлекеттік сапармен келгені мәлім. Екі ел арасындағы тауар айналымы 860 миллион долларға жеткен.
Соны 2 миллиард долларға жеткізу жоспары бар. Мысалы, Қазақстан Вьетнамға қорғасын мен мырыш сатады, тұрмыстық техника тауарларын импорттайды.
Былтыр Вьетнамның Sovico Group компаниясы біздің Qazaq Air компаниясын сатып алған болатын. 6 мамырда келісімшарт мерзімі аяқталды: Sovico Group қазақстандық әуе компаниясының 51 пайызын алды, акциялардың 49 пайызы «Самұрық-Қазына» компаниясында қалды. Жаңа инвесторға акциялар ресми түрде То Ламның осы мемлекеттік сапары аясында берілді.
Вьетнамдық компания бізде енді әуежай сатып алуды қарастырып отырғанын вице-премьер – Ұлттық экономика министрі С.Жұманғарин хабарлаған. Себебі әуекомпаниясына база керек.
Sovico Group – өте үлкен, қарқынды дамып отырған компания. Сатып алғанда, стратегиялық нысан сатылмайды, демек басқаруға алады деген сөз. Қай әуежай дегенге келсек, вице-премьер нақтысын айтпаған.
Ал Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев «...Әңгіме Қызылорда әуежайы» туралы деді. Сонымен бірге Qazaq Air компаниясының атауы «VietJet Qazaqstan» болып өзгереді. Қаншаға сатып алды? - дегенге келсек, әу баста Qazaq Air компаниясының 38 млрд қарызын жауып, 10,2 млрд теңгеге сату қарастырылған. Бірақ сатып алатын ешкім болмады. Ақыры 2 млрд теңгеге вьетнамдар алып отыр. Және 38 млрд қарызды жабумен қатар, қосымша 20 ұшақ әкелуі керек.
Соңғы жылдары визасыз режим орнап, қазақстандықтар жиі баратын туристік мекенге айналған Вьетнамға сапарлайтындар тіпті көбейеді деген сөз. Ал вьетнамдар ше? «Президент Вьетнам азаматтарының қызығушылығын тудыруы мүмкін Қазақстандағы туристік аймақтарды зерделеп көруді ұсынды» деп жазды Ақ Орда сайты.
Еліміздің туристік әлеуетін арттырудың маңызды екенін бәрі біледі. Бірақ «соны неге жасамасқа» деп жүрміз...
