Ресейде қазақстандық жауынгерлерге ескерткіш ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде қазақстандық жауынгерлерге ескерткіш ашылды

09.05.2025

Волгоград облысында Сталинград үшін шайқаста қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерге арналған ескерткіш ашылды. Городищенск ауданында жаңадан бой көтерген мемориалдың ашылуына жауынгерлер Орынбасар Таңатаров, Азамат Қазиевтің ұрпақтары келіп, тағзым етті.Тілшіміз Индира Бегайдар сұрапыл шайқаста ерлік көрсеткен сарбаздардың ұрпағымен тілдесті.

Жасы сексенді алқымдаған Маржан Қазиева әкесі майданға аттанғанда небәрі 3 айлық сәби болыпты. Сол күйі әкенің нұрлы дидарын қайта көрмеген. Қырық жылдан астам уақыт бойы әкесінің қабірін іздеген. Осыдан үш жыл бұрын ғана Азамат Қазиевтің Сталинград үшін шайқаста қаза тапқаны анықталды.

Маржан Қазиева, Азамат Қазиевтің қызы:

Сталинградта төрт айдай шайқасады. Ең соңғы рет 30 қыркүйекте анама хат келеді. Бүкіл жауынгерлерге құрмет. Барлығы да марқұм, барлығының алдында бас иеміз, жауынгерлерге тағзым.

Волгоград облысындағы Мамаев қорғанындағы Әскери Даңқ залында қазақстандық 120 батырдың есімі жазылған. 2018 жылы Сталинград маңында Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан жауынгерлерлеге ескерткіш белгі орнатылды.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:

1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық Ұлы Отан соғысына барды, жартысы қайта алмады. 270-мыңнан астамы хабарсыз кетті. Мында мысалы, Сталинградта төртеуі ең үлкен дәрежеге жетті. Кезінде осында біздің атамыз да қаза тапты.

Сұрапыл соғыста қазақстандық жауынгерлер ерліктің озық үлгісін көрсетті. Жеңіс күнін жақындатқан қазақстандықтардың еңбегі өлшеусіз.

Алексей Оверчук, Ресей федерациясы үкіметі төрағасының орынбасары:

Соғыс басталғанда анам небәрі 6 жаста еді. Сол кездерде үш жасар інісі және анасымен Қазақстанға эвакуацияланады. Оңай болмады, алайда олар тірі қалды.Сондықтан олар Қазақстанға шексіз құрметін білдіріп, өмір бойы алғысын айтып кетті, біздің де бойымызға сіңірді.

Осылайша тарихтағы ең зұлмат соғыста қаһармандық танытқан барлық қазақстандықтың ерлігі ескерілді. Биіктігі 4.5 метр болатын ескерткіш соның айғағы.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу