Жәнібек пен Бөкей ордасына 500-ден астам бомба тасталған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жәнібек пен Бөкей ордасына 500-ден астам бомба тасталған

09.05.2025

Ұлы Отан соғысы кезінде Батыс Қазақстан облысы - Сталинград майданының ең жақын тылы болды. 1942-1943 жылдары Жәнібек, Бөкей ордасы, Казталов аудандарында «соғыс жағдайы» жарияланды. Жау әскері теміржол мен елдімекендерге 500-ден астам бомба тастаған. Жүздеген ғимарат пен тұрғын үй қираған.

Ардақ Мұратқызы,тілші:

1904 жылы салынған мына су мұнарасы соғыс жылдарында аудандағы ең маңызды нысандардың бірі болған. Мұнарадан 40 метрдей жерде жау бомбасы түскен. Соның салдарынан қабырғада мынадай жарқыншақтар пайда болған. Бомба сынықтарының ізін әлі күнге көруге болады. Ауыл тұрғындары мұнараны қираудан сақтап қалу үшін бірнеше жерден темір белдік тартып тастаған.

Жәнібектегі су мұнарасы әлі де қолданыста. Ауыл халқын ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Сұрапыл жылдары жау ұшағының әуе соққылары теміржол вокзалы, диірмен, мектеп, аурухана секілді 40-тан астам стратегиялық нысан мен 200-дей үйді қиратқан. Мұрағаттарда 300-дей бейбіт тұрғын мен әскерилер қаза тауып, 250-ге жуық адам жарақаттанғаны туралы дерек бар. Жергілікті өлкетанушылар тарихты там-тұмдап жинап, хатқа басқан.

Амангелді Уәлиев, Жәнібек аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Сталиннің бұйрығымен Жәнібек, қазіргі Бөкей ордасы, Казталов, Фурманов аудандары Сталинград майданының жақын тылы болып бекітілді. Соғыс шебінде деп жарияланды. 8-ші әскери штаб болды. Екі аэродром, үш госпиталь болды.

1942-43 жылдары Жәнібек пен Орда аудандары аумағына гитлерлік авиация 538 рет бомба тастаған. Ұшақ гүрілін, жарылыс дүмпуін естіп өскен соғыс балаларының бірі - Зейнеп апай. Ұлтын білмейді. Үш жасында Өскеменнен пойызбен келе жатқанда теміржолға бомба түсіп, анасы қаза табады. Бұл кісі әпкесімен бірге тірі қалады. Кейін оны ауыл тұрғындары асырап алады. Ал әпкесі балалар үйінде тәрбиеленіп, басқа жаққа тұрмысқа шығады.

Зейнеп Ғаниева, Жәнібек ауылының тұрғыны:

Мамам нан илеп отырған еді. Бір уақытта бомба түсті. Терезенің әйнегі сарт етіп, илеп отырған нанына әйнек түсті. Төбемізде бірнеше ұшақ ұшып жүрді. Балалар аналарының бауырына барып тығылады. Мені де анам бір күні қызыл көрпемен орап алған еді. Оны көрген әйелдер: «ойбай, қызыл көрпемен орама, аналар жоғарыдан көріп қояды ғой», - деп айтты.

 Ардақ Мұратқызы, тілші:

Сайхын ауылы тұсымен өтетін бұл теміржол соғыс жылдарында нағыз «Өмір жолы» болған. Осы станциялар арқылы майданға қару-жарақ пен азық-түлік жеткізілген. Соғысқа дейін теміржолдан тәулігіне 12 эшелон өтсе, соғыс жылдарында оның саны екі есеге артқан.

Жанар-жағармай, дәрі-дәрмек, киім-кешек те осы Орал-Рязань теміржолы арқылы жауынгерлерге жөнелтілді. Майданға аттанып бара жатқан әскерилер эшалоны да әуе соққысына жиі ұшыраған.

Айгүл Ғұмарова, М.Мәметова атындағы мектеп мұғалімі:

1942 жылы 196-Гатчинск дивизиясы Ахтубадан Мәскеуге қарай жол тартады. 1 қыркүйекте Сайхынның маңында бомбыдан 109-ға тарта адам қаза тапқан. Олар Сайхынның маңында жерленді.

Бөкей ордасы ауданының аумағында соғыс жылдары қаза тапқан 144 сарбаз бен офицердің дерегі анықталған. Боздақтардың сүйегін тауып, тағзым ету үшін 12 жыл бұрын ерлі-зайыпты Ғұмаровтар іздеу тобын құрған.

Жұбан Ғұмаров, Сайхын ауылының тұрғыны:

Ең бірінші қызықтырған 365-ші разьезд  Тынық мұхитынан теңізші әскерилер бомбыланып, 38 адам қаза тауып, сол жерде жерленгені туралы деректерді іздеп бастадық. Осы бойынша 2013 жылы мәлімет анықтап, 2014-те мектеп оқушыларымен бірге қазба жұмыстарын жүргізгенде екі адамның сүйегін таптық. Содан бері сол 38 адамның 25-ін таптық.

Сайхын, Ұзынкөл ауылдарының мектеп музейлерінде қос аудан аумағынан табылған снаряд сынықтары, ұшақ қалдықтары, граната мен гильзалар, жауынгерлердің жеке заттары сақталған. 

 Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу