Тарих беттеріне қанмен жазылған сұрапыл соғыс жылдары – тұтас ұлттың жігерін сынаған, рухын шыңдаған кезең еді. Ертеңнен бастап «Қазақстан» телеарадиокорпорациясы заңғар жазушы Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» повесінің желісімен түсірілген туындыны көрермен назарына ұсынады. Зұлмат соғыстың ауыр зардабын, тұтас бір дәуірдің тыныс-тіршілігін баяндайтын телехикая Алматы облысының Ақөзек ауылында түсірілді.
Майданға аттанған ер-азаматтар Отан үшін оққа кеудесін тосса, тылда қалған әйелдер мен балалар бар ауыртпалыққа қарсы тұрып, қайсарлықтың үлгісін көрсетті. «Бұл хикая тағдыр тәлкегіне мойымаған батыр халықтың шын бейнесін аша түсті», - дейді тарихи телехикаяның қоюшы режиссері Айдын Сахаман.
Айдын Сахаман, телехикаяның қоюшы-режиссері:
Бұл телехикаяда мен үшін оңай сахна жоқ. Әрқайсысы біраз күшті, еңбекті талап етті. Суықты, боранды көрсету үшін үлкен-кішісі бар, сол суыққа төзді. Соғыс жайында түсіру, сол заманды түсіру оңай емес.
Бұл – жүздеген адамнан тұратын шығармашылық топтың алғашқы түсірілім күні еді. Қыстың ызғары, күздің суығы, жаздың аптап ыстығына қарамастан, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына толымды туынды ұсыну үшін ұжым аянбай еңбек етті.
Жәнел Атамбекова, актриса:
Өзім үшін бір қиын сахна болды. Ол - Тоқтардан қаралы қағаз келген соң, кейіпкердің жанайқайы шыққан сахна.
Телехикаяда сөз байласқан қос ғашық Тоқтар мен Нәзира – шынайы әрі нәзік сезімнің, биік махабаттың бейнесі болды. Алайда сұм соғыс ешкімді аямады. Сүйіктісі соғысқа аттанып, бірнеше ай өткен соң қаралы хабардың жетуі – жүрегі қан жылаған Нәзираның ғана зар-мұңы емес, әр шаңыраққа түскен ауыр қайғы-қасіреті еді.
Жәнел Атамбекова, актриса:
Ішімдегі бүкіл ауыр эмоцияны шығардым. Сол сахнаны қатты сезіндім.Шынымен ғашығым кеткендей болды.
Телехикаядағы әр кейіпкер қиыншылық пен тауқыметке қарамастан, өмірге өкпелемейді, тағдырға налымайды. Ақиқат пен адалдық, ерлік пен елдік қатар өрілген бұл туынды – ұрпаққа өнеге, елге тағзым. Қан кешкен күндердегі сан алуан сезімді сипаттайтын «Жабайы алма» – ауқымды әрі терең мағыналы жоба. Тарихи телехикая ертеңнен бастап үш күні бойы «Qazaqstan» телеарнасынан көрсетіледі.
Жазира Оразқызы
