«Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз. Бейбіт күнді қырағы күзетіп тұрған сарбаздарға құрмет көрсетеміз». Бүгін Астанадағы «Қазақ елі» алаңында өткен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған Әскери парадта Мемлекет басшысы осылай деді. Салтанатты іс-шараға елімізге мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам қатысты. Қазақ әскерінің қаймағы жиналған шарада түрлі құрылым сарбаздары жүріп өтіп, әскери техниканың әлеуеті таныстырылды.
Сап түзеген сарбаздар. Түп-түзу тізілген техника. Тарихи шеруді бастауға бәрі сақадай сай. Алдымен ту ұстаушылар тобы Мемлекеттік туды және Жеңіс туын алаңға алып келді. Бұл ту осыдан 80 жыл бұрын әйгілі отандасымыз Рақымжан Қошқарбаев пен оның майдандасы Григорий Булатов Рейхстагқа тіккен тудың көшірмесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ әскеріне деген құрмет пен сенімнің ерекше екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз. Отан қорғау жолында опат болған боздақтарға тағзым етеміз. Бейбіт күнді қырағы күзетіп тұрған сарбаздарға құрмет көрсетеміз.
Қазақстан армиясы 1992 жылы 7 мамыр күні ресми құрылған. Қиын заманда қазақ шекарасын қорудан бастаған армия қазір халықаралық миссиялардың белді қатысушысына айналды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Айбынды армия – Тәуелсіздігіміздің қорғаны. Сарбаздарымыз елдің бейбіт өмірін, тұтастығы мен тыныштығын қорғауда. Қарулы Күштеріміз әлемдегі тұрақтылық пен келісімді сақтауға үлес қосып келеді. Жауынгерлеріміз Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясына ойдағыдай қатысуда. Бұл – бүкіл әлемдегі Қазақстан армиясына деген зор сенім.
Еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру – аса маңызды міндет. Сондықтан қарулы күштерімізді жаңғыртып, армиямыздың айбынын арттыруға ерекше басымдық беріліп келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Осы өте маңызды мәселе бойынша Парламент заң қабылдады. Мемлекет әскери қызметшілерге, арнаулы мекемелер мен азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлеріне әрдайым қолдау көрсетеді. Армиямыздың күш-қуаты жауынгерлік рух пен темірдей тәртіпке тікелей байланысты. Сіздердің мінсіз қызметтеріңіз – елдегі қауіпсіздік пен тыныштық кепілі.
1941-1945 жылдардағы соғысқа 1 миллион 200 мыңнан аса отандасымыз қатысты. Қазір Республика бойынша сұрапыл соғыстың 105 куәгері ғана бар. Кеше Қостанай облысынан ардагер Қасымхан Алдабергенов Астанаға аттанғанын айтқанбыз. Бүгін арнайы келген ақсақалдан бата сұрадық.
Қасымхан Алдабергенов, соғыс ардагері:
Елдің, жердің байлығы аман болсын. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман болсын.
Шерудің бірінші тарихи бөлімін сол отандастарымыздың негізгі қаруы болған Шпагин және Максим пулеметтерімен қаруланған сарбаздар бастады.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Бүгінгі салтанатты шеруге еліміздің әр түкпірінен жауынгерлердің жауһарлары жиналған. Өйткені бұл қарулы күштеріміздің қауқарын паш ететін сәт. Жалпы, бүгінгі парадқа 4 мыңға тарта әскери қызметкер, 300-ге тарта техника және 66 әуе техникасы жұмылдырылады деп жоспарланған.
Әскери шеруде, құрлық, әуе, теңіз күштерінің парадтық топтары, арнайы мақсаттағы бөлімдер, түрлі әскери оқу орындарының курсанттары және басқалар саптық жүріспен өтті.
Әлібек Әбділов, ҚР ІІМ Ұлттық ұланның ресми өкілі:
Саптық жүріспен өтетін әскерилер ең бірінші бойына қарап, оның саптық жүрістегі, жалпы әскери қызметтегі ең үздіктері таңдалды.
Парадтың келесі бөлімін әскери техника үлгілері жалғады.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Техниканың тартқан сымдай түзу сабын тарих куәгері, аты аңызға айналған Т-34 танкісі бастап келеді. Қызық ақпарат айта кетейін, тура осы танкі - Астанадағы әскери мұражайдың экспонаты. Бүгінгі шеру үшін арнайы дайындалып, от алды. Тек қаланың тақтайдай тегіс жолын талқандап тастамауы үшін шынжыр табаны резеңкеге ауыстырылды. Ал ертең бұл танкі мұражайдағы жылдар бойы тұрған орнына қайта оралады.
Тарихи әскери техника легінен соң салтанатты шеруді қазақ армиясының қазіргі техникасы жалғады. «Бук», «Тор» зенитті-ракета кешендері, «Барыс», «Алан», «Айбар», «Таймас», «Террекс» дөңгелекті ұрыс машиналары, минаны залалсыздандыратын роботтары бар арнаулы автокөліктер Республикалық парадта бірінші рет көрсетіліп отыр. Сондай-ақ, отандық өнім – роботпен басқарылатын экипажсыз «Самғау» катері, «Сандкат», «Алан-1», «Алан-2» брондалған машиналары жалпақ жұртқа тұңғыш рет таныстырылды.
Берік Әбенов, Әуе қорғаныс күштері басқармасының аға офицері:
Заманауи техникалармен жабдықталған, құрлық әскерлерінде болсын. Ол әуе қорғаныс күштерінде әскери ұшақтармен, әскери тікұшақтармен және әуе кеңістігін бақылау құрылғыларымен қамтамасыз етіліп, қазір жабдықталған деп толық айта аламын.
Әскери парадтың әуедегі бөлігін Ми-8, Ми-171, Ми-35, Ми-17 тікұшақтары бастады. Одан соң әскери техниканы, сарбаздарды тасуға арналған ұшақтармен қатар, жоғары жылдамдықты жойғыш ұшақтары таныстырылды. Бұл техниканың барлығы армиясы алдыңғы қатардағы елдердің иелігінде ғана бар. Парад көрермендеріне көзайым ретінде Су-25 ұшақтарының тобы еліміздің басты алаңынан аспан астындағы Қазақстан Республикасы Туының бейнесін салып шықты.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Иә, бүгін біз әскеріміздің әлді, техникамыздың тегеурінді екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Әуе әскерінің әлеуетін де көзбен көрдік. Жалпы, сіз бен біз сияқты қарапайым, бейбіт азаматтар күн сайын тәуелсіз еліміздің тұғырын биіктетіп, жанталасқан жаһанмен жарысқа түсіп жатқанда бұл азаматтар біздің тыныштығымызды күзетеді. Өйткені қарулы күштеріміз біздің қауіпсіздігіміздің кепілі, тәуелсіздігіміздің тірегі.
Оңғар Алпысбайұлы
