Енді шоппингті жасанды интеллектің көмегімен жасауға болады. Жаңа функция ChatGPT-де қолжетімді әрі тегін. Сондай-ақ, ұлыбританиялық ғалымдар жерсеріктерге арналған жаңа қозғалтқыш ойлап тапты. Ал оның қандай артықшылығы бар?
Ұлыбританиялық старт-ап ғарышта қолданылатын жеңіл қозғалтқыш жасап жатыр. Magdrive компаниясы салмағы 2,5 кг болатын құрылғысы, жерсеріктерге ғарышта емін-еркін әрі тиімді қозғалуға мүмкіндік бермек. Қозғалтқыш күннен қуат алып, оны суперконденсаторларда сақтайды. Бұл энергия металлдарға бағытталып, плазмалық үдеткіш арқылы сыртқа шығады. Яғни, металл отын ретінде қолданылады. Алғашқы сынақ маусым айында өтеді.
Марк Стокс, Magdrive компаниясының басшысы:
Металл – спутниктер үшін керемет отын. Ол толықтай бейтарап, яғни өздігінен реакцияға түспейді. Бұдан бөлек, металл ғарышта да көп. Яғни, отынды жерден тасымай-ақ, ғарыштан алуға болады.
ЖИ шоппинг жасауға көмектеседі
Шоппингтен шаршағанға шешім бар. Енді онлайн сауда жасауға жасанды интеллект көмектесе алады. Жаңа функция ChatGPT-де қолжетімді. Ол сән, сұлулық, тұрмыс және электроника сынды санаттардан қолданушының сауалына сай бейімделіп түрлі тауарлар ұсынады. Іздеу нәтижелері өнімнің бағасын, сипатын және пікірлерін ескереді. Бастысы, бұл қызметі үшін чат-бот комиссия алмайды. Сондай-ақ барлық пайдаланушыларға бірдей қолжетімді.
Жеуге жарамды «робот-торт»
Сіз роботтың дәмін көріп пе едіңіз? Швейцария мен Италия ғалымдары ұсынған жаңа жоба робототехника мен аспаздықты ұштастырған. Кәдімгі торттың үстінде екі аю билеп тұрады. Желатин мен шәрбаттан жасалған жануарлар пневматикалық жүйе арқылы бір-бірін құшақтай алады. Сондай-ақ торттағы жарық шамдары жеуге жарамды батареяның көмегімен жанады. Ол B2 дәрумені, кверцетин, белсендірілген көмір және қара шоколад негізінде жасалған. Ғалымдардың айтуынша, дәстүрлі электронды құрылғылардың орнына осындай компоненттерді пайдалану арқылы жыл сайын 40 млн тонна электронды қалдық азайтуға болады.
Темірлан Нұржанұлы
