Түркияда оқитын қазақстандық студент қыздар арасында волейбол турнирі өтті. Жарысқа Түркияның түрлі қалаларында білім алып жүрген студенттерден жасақталған 19 команда қатысты. Бартын қаласында өткен спорттық шараны Қазақстанның Түркиядағы елшілігі, Стамбұл мен Анталиядағы Бас консулдықтар бірлесіп ұйымдастырды.
Тартысты өткен сайыста Ескішехир қаласында оқитын қыздар чемпион атанды. Екінші орынды Бартын университеті еншілесе, үшінші орынды Сакария мен Болу қалаларының студенттері өзара бөлісті.
Нұрилә Төлендиева, Ескішехир Османгази университетінің студенті:
Жарыс өте қиын болды. Жарысты жеңу командамның және тренерімнің арқасында деп ойлаймын. Жарыстың алдында 3 ай залға барып дайындалдық.
Бартын қаласында өткен ойынды тамашалауға университет ректоры мен аймақ губернаторы да қатысты. Олар қазақстандық студенттердің қай салада болсын белсенді екендігін жоғары бағалады.
Нуртач арслан, Бартын Провинциясының губернаторы:
Қазақстандық студенттер арасындағы волейбол сайысы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған екен. Біздің қаламызда осындай турнир өткізген достарымызға рахмет айтамыз. Қазақстандық жастар тек білім алуда ғана емес спортта да мықты екендіктерін көрсетті.
Түркиядағы студенттер арасында спорт сайыстары ғана емес, түрлі бағытта іс-шаралар жиі ұйымдастырылады.
Нуруддин Айтмырза, «Бірлік» қазақ студенттері ұйымының белсендісі:
Біз үлкен бір отбасы болдық, Түркияда тұрып жатқан, оқып жатқан студенттермен, портпен де, ғылыммен де, волонтерский ортада да айналысамыз. Консулдықтың арқасында бізге көптеген мүмкіндіктер беріліп жатыр.
Мұндай шаралар студенттердің салауатты өмір салтын ұстануына оң әсер етіп қана қоймай, өзара қарым-қатынастарын да нығайтады, дейді ұйымдастырушылар.
Айдос Әшімұлы
