Тарихшы Берік Әбдіғалиұлының туындысын Түркі академиясы халықаралық ұйымы жаңа сериямен шығарып отыр. Алаш Орданың 100 жылдығына арналған арнайы семинарда еңбектің салмағы жан-жақты сараланды. Ғалымдар мен қоғам қайраткерлері жаңа кітапты «Тарихтың ақтаңдақ беттерін ашуға бағытталған тың дүние» деп бағалады. Еңбекте Алаш ұлттық әскерінің қалыптасу кезеңі, Батыс Қазақстан, Торғай, Жетісу өңірлерінде жасақталған полктер жайлы мұрағат құжаттары жарияланған.
Берік Әбдіғалиұлы, тарихшы ғалым:
- Бұл жерде алғаш рет Алаш сарбаздарының тізімін шығарып отырмыз. Көбісі Жетісу өңірінде сақталған. Соның бәрінің ұрпақтарын іздесек.
Дархан Қыдырәлі, Халықаралық Түркі академиясының президенті:
- Бұл кітап өте өзекті. Себебі, Мәскеу, Омск пен Томск, Орынбордағы архивтерді сүзіп шыққан Берік Әбдіғалиұлы осы кітапты 100 жылдыққа арнап шығарған болатын. Бұдан кейінгі семинарлар легі жалғаса береді.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ