Бұл «Тәуелсіздік дәуірі» туындысының қоғамда кең талқыға түскенін аңғартады. Көпшілік «Тәуелсіздік энциклопедиясы» деп баға берген еңбекті ғалымдар мен сарапшылар, ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері тағы бір рет қаузап, ой-пікірін ортаға салды.
«Ел газеті – Егеменде» Елбасының соңғы кітабы жайлы ой-толғамдар күн құрғатпай шығып тұрады. Елеулі еңбек оқырман қолына тигелі бір жарым ай уақытта басылым бетінде елу-ге жуық мақала жарық көріпті. Оралымды ой мен тұшымды пікір айтқан хаттар әлі де толастамайды. Алғашқы оқырмандардың бірі болып, жүрекжарды толғамын жазған қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков. «Тәуелсіздік тағдыры туралы кітап» деп баға берген ол мұндай еңбекті көптен күткенін айтады.
Мырзатай Жолдасбеков, Мемлекет және қоғам қайраткері:
- Бұл кітапты барлық мектепте, ЖОО-да, керек болса биік кеңселерде оқыту керек. Өз басым, осы кітапты оқығанда сол кітаптың ішінде жүргендей болдым. Кітаптың ішінен өзімді көрдім.
Көк Туымыздың әлем төрінде ілініп, дүниежүзіне танылуы – Тәуелсіздік арқасы. Кітапта сол әлемдік қауымдастыққа кірігудің көкейтесті тұстары талданған. Қазақстан зор халықаралық беделге ие болды. Бұл Президент Н.Ә.Назарбаевтың табанды бейбіт саясатының және ядролық қарудан бас тарту, Еуразия экономикалық одағын, Шанхай Ынтымақтастық ұйымын, Азиядағы сенімділік шаралары кеңесін құру сияқты сан түрлі ғаламдық, халықаралық бастамаларының нәтижесі.
«Жасампаз жылдар жылнамасы» деп суреттелген еңбекте елдің жүріп өткен жолы екшелген. «Тәуелсіздігімізге тәу етіп, тәуекелмен болашаққа бет түзеп келе жатқан халық үшін кітаптың құндылығы жоғары» деп ой түйді бас қосқандар.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ