Ақтауда 800 адам алаяқ құрылыс компанияларға алданып қалды. 600 тұрғын қаражатын «ISA GROUP» компаниясына салған. Өйткені, сол кезде аталған құрылыс мекемесі 3 бірдей тұрғын үйдің құрылысын жүргізген. Ал, 200 адам «Гранд Авеню 2» тұрғын үй кешенінен пәтер алмақ болып, құрылысшыға бар жиған-тергенін ұстатқан. Алайда, 4 үйдің де құрылысы аяқсыз қалды. Тұрғындар жалпы сомасы – 8 млрд-қа жуық қаражатынан айрылған.
Мансұр Ауданбаев, қала тұрғыны:
Мұрагерді тапсырып, 3 жыл бұрын кілт беру керек еді. 3 жылдан бері 3 алаяқ директор біздің жалпы 6,5 млрд-қа жақын ақшаны талан-таражға түсіріп жіберді. 3 алаяққа кеше жақында 6,5 жылдан үкім шықты. Енді біздің жүгіріп жүргенімізге азайтып айтқанда 3 жыл болды. Не үй жоқ, не ақша жоқ.
Қыруар қаржысынан айрылған қараша халық енді, әкімдіктен көмек сұрап отыр. «Гранд Авеню 2» тұрғын үй кешенін салып жатқан компания қаржылық қиындықтарға тап болғанын алға тартып, құрылыс жұмыстарын келесі жылдың мамыр айына дейін аяқтауға уәде берген. Ал, «ISA GROUP» компаниясынан қалған 3 тұрғын үйдің құрылысы арнайы құрылатын мекемеге жүктелмек.
Тілеужан Мұстахин, Маңғыстау облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
Мемлекеттің 100 пайыздық қарауында, яғни, мемлекетке қарасты арнайы құзыретті органды ашу арқылы құрылысын аяқтайтын болады. Арнайы ашылған құзыретті орган тапсырыс беруші болып арнайы салатын құрылыс мекемесін анықтап, қаражатын анықтап, құрылысты аяқтап, тұрғындарға пәтерлерді беретін болады.
Аягөз Оралбайқызы
