Алматы облысы Талғар қаласында ақын Мұхтар Шаханов оқулары өтті. Сайыс биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Оған тәуелсіз қазылар алқасы сайланып, 95 оқушы белсене қатысты.
Ақын оқуларына жасөспірімдер жете дайындалып келді. Олар Мұхтар Шахановтың бір емес, бірнеше өлеңіне сақадай-сай. Кішкентайынан ақиық ақын өлеңдерімен өскен Ақтас ауылының озат оқушысы Дүрия бүгін атаулы республикалық сайысқа екінші рет қатысып отыр. Ол қазақтың атын әлемге жаңғыртқан тұлғаның шығармашылығы бойынша ғылыми жоба да қорғаған.
Дүрия Қыдырбекова, Талғар ауданы, Ақтас ауылының № 36 жалпы білім беретін орта мектептің 11-сынып оқушысы:
- «Тамырсыздану қаупінің тұжырымдамасы» атты тақырыпты алып, республика көлемінде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып, жеңіске жеткен болатынмын.
Дүрия сияқты ұлы тұлғаның ізін жалғастыруды арман еткен жас жеткіншектер жетерлік. Себебі, биыл екінші рет ұйымдастырылған өнер додасына 410 оқушы тіркеліп, 95 бала іріктеуден өткен. Ал, былтыр 187 оқушы қатысып, бағын сынаған. «Жыл санап ақын шығармашылығын сүйетін жастардың саны артқанын байқадық», - дейді ұйымдастырушылар.
Сайысқа қатысушылар еліміздің әр қиырынан ағылды. Алғашқы кезеңде оқушылар ақынның екі өлеңін жатқа оқып, шеберлігін көрсетті. Ал, екінші бөлімде Шаханов шығармашылығына қатысты сауалдарға жауап берді.
Мұхтар Шаханов, ақын:
- Кезінде менің «Тамырсыздану қаупінің тұжырымдамасы» деген өлеңім болды. Сол өлеңді 34 мемлекеттің алдыңғы қатарлы адамдары қолдады. Дүниежүзінің барлық басты тілдеріне аударылды. Сөйтіп, сол өлеңнің төңірегінде толып жатқан елдерде конференциялар болды. Сондықтан, әрбір адам өзінің ұлтына, тіліне терең тамыр жіберуі керек.
Республикалық деңгейде өткен сайысқа ақынның өзі қатысып, балаларға ризашылығын білдірді. «Мұндай іс-шаралардың көбеюі болашағымыздың жарқын болуына жасалған қадам», - деді.
Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ