Ұлыбритания үкіметі құрыш құятын стратегиялық зауытты қытайлық компаниядан қайтарып алып, мемлекет меншігіне өткізді. Ресми Бейжің бұл шешімді құптамады. Екі ел арасындағы текетірестің соңы неге әкеп соқтыруы мүмкін?
Марина Бекенова, тілші:
Басты себеп қытайлық инвестордың экологиялық таза өндіріс тәсіліне көшуден бас тартуында. Бизнес иесі зауыт шығыны онсыз да шаш етектен деп ақталады: энергия қымбат, АҚШ басшылығы болат импортының тарифтерін өсіріп тастады, жергілікті биліктен қаржылай қолдау жоқ.
Сөйтіп 6 жыл бұрын алдыңғы үкімет жекеге берген металлургия алыбын жаңа билік қайтарып алды. Парламент бір күннің ішінде арнайы заң қабылдап, патша оны бекітті.
Кир Стармер, Ұлыбритания премьер-министрі:
Біздің үкімет қарап отырмайды. Біз Британия болашағы үшін әрекет етеміз.
Қытайлық бизнесмендер бұдан бөлек мұнда су, әуежай, энергетика және атом салаларына инвестиция салған. Қытай елшілігі саясаткерлерді «тәкаппарлар һәм надандар» деп айыптады.
Линь Цзян, Қытай СІМ өкілі:
Қытай компанияларының заңды құқықтары мен мүдделерін қорғап, мәселені саясаттандырмауын, сенімге сызат түсірмеуін талап етеміз.
Бұдан кейін, екі ел арасындағы онсыз да күрделі қарым-қатынас қайта шиеленісуі мүмкін дейді сарапшылар. Осы уақытқа дейін бірнеше рет Қытай азаматы осында тыңшылық жасады деген күдікке ілінгені белгілі. Лейбористер үкіметі инвестиция тартуға әлі де мүдделі болғанымен Қытай еліне деген сенімсіздігі күшейіп отыр.
Хелена Кеннеди, Парламент мүшесі және Қытай бойынша парламентаралық альянстың тең төрайымы:
Олар ұлттық қауіпсіздігімізге, цифрлық инфрақұрылымға, технологиялық даму және барлау қызметтеріне қауіп төндіруі мүмкін.
Өткен ғасырдан бері Лейбористер стратегиялық саланы ұлт меншігіне айналдыру керек десе, консерваторлар жекеге беру керек дегеннен таймай келеді. Қалай болғанда да АҚШ президенті енгізген тарифтердің әсерінен әлемдік нарықтағы еркін сауда әлсірей бастағанда, Британиядағы құрыш құю өндірісінің мемлекеттің қолдауынсыз дамуы екіталай дейді сарапшылар.
Марина Бекенова
