Елорданың 20 жылдығы мәдени шаралар ұйымдастырумен шектелмейді. Мерейтой қарсаңында бірқатар инфрақұрылымның тұсауы кесілмек. Олардың кейбірі өзге өңірлердің тартуы.
1. Мәселен, Алматы облысы жас қалаға су жаңа саябақ сыйға тартпақ. «Жетісу» деп аталатын демалыс аймағы спорттық алаңдар мен әткеншектерге толы, көрсең көз тоярлық көрікті орынға айналмақ.
2. Ал, Қарағанды облысы шаһардағы Есіл өзенін тағы бір көпірмен толықтырмақ. Осылайша, мереке қарсаңында жаяу жүргіншілер мен велошабандоздарға арналған жаңа өткел пайда болады.
3. Қала әкімі Әсет Исекешевтің айтуынша, 60 шақырымнан астам велосипед жолдарын салу жоспары тағы бар. «Бұл - шаһарда салауатты өмір сүру салтын насихаттаудың бір жолы», - дейді ол.
4. Астанадағы «Алланың гүлі» деп аталатын сәулетті мешіт те мерейтой қарсаңында ашылмақ. Сарыарқада орналасқан әсем ғимаратта бір мезгілде 300-ден астам адам құлшылық ете алады.
5. Ал, «Қазпошта» Акционерелік қоғамы Астана күніне қарсы арнайы марка шығаруды көздеп отыр. Қазір дизайн және тираж мәселелері қарастырылып жатыр.
Астана күніне арналған арнайы тосынсыйлар мұнымен бітпейді. Хабарымыздың алдағы шығарылымдарында кезең-кезеңімен құлағдар ететін боламыз.
Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ