Ал Шығыс Қазақстан облысындағы Қатонқарағайда қалың қар жауды.
Өңірдің ақұлпаға оранғанын тұрғындар бейнежазбаға түсіріп, желіге жүктеген. Синоптиктер өңірге көктем кеш келеді деп болжады. Сондықтан халықты жолда сақ болып, алыс жолға шықпауға шақырды. Қарлы ызғар еліміздің оңтүстік өңірлеріне де сезілген.
Аружан Мұратова, «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы:
Солтүстік өңірлердің тұрғындары көктемді сезініп, күн мен жылуды тамашалауға үлгермеді, өйткені солтүстік-батыс циклоны Қазақстан аумағына еніп, ауа температурасының айтарлықтай төмендеуін және жаңбырдың қарға ауысуына әкелді. Тіпті оңтүстік аймақтардың тұрғындары да суықтың ызғарын сезінді.
Солтүстік пен шығыста 19 сәуірге дейін, яғни ертеңге дейін қар жаууы мүмкін. Оңтүстікте де күн суытады. Ал батыс өңірлерде ауа температурасы 25-30 градусқа дейін жылиды. Жалпы еліміз бойынша күннің біртіндеп жылына бастағаны байқалады.
Айя Мүтәлі
