Ахметжан Аширидің «Шарбақ» пьесасы үздік танылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ахметжан Аширидің «Шарбақ» пьесасы үздік танылды

16.01.2018

Былтыр «Түріксой» ұйымы түркі әлемі елдері арасында «Қорқыт ата» атындағы драматургиялық байқауын жариялаған еді. Түркі халқы арасындағы ынтымақты арттырып, әдеби байланысты күшейтуге бағытталған осы конкурста жазушы-драматург Ахметжан Аширидің «Шарбақ» пьесасы үздік деп танылды. Тілші Нұрлан Асқарұлы қаламгермен сұхбаттасып, қуанышымен бөлісті.

Жазушы Ахметжан Ашири 1988 жылы жазылған, бірақ, жарық көрмеген еңбегін қайта өңдеп, бүркеншік есіммен байқауға жіберген. Түркі елдерінен қатысқан 48 драматургтың ішінде қаламгердің осы туындысына қазылар бас жүлдені берді. Өйткені, бұл отыз жыл өтсе де, маңызын жоймайтын туған жердің киесі туралы жазылған дүние еді.  

Ахметжан Ашири, жазушы-драматург:

- Еліміздің, оның мәдениеті мен әдебиетін дүниежүзіне танытуға үлес қосқаныма қуаныштымын.

«Шарбақ» пьесасы шалғайдағы елді мекеннің тұрмысын суреттейді. Айтсақ, 1945 жылы шеттегі ауылды келешегі жоқ деп таратып жібермекші болады. Жұрт жаппай көшіп кеткенімен, бас кейіпкер Нұрана туған жерінде қалады. Адамдар қайта оралады деп, қираған үйде түтін түтетіп өмірінің соңына дейін отырады. Бұл - автор туып-өскен өлкенің тарихы туралы шығарма.

Оразақын Асқар, ақын:

- Ахметжан Ашири тек әдебиетті ғана емес, сонымен бірге, туысқан халықтардың тарихын да зерттейді. Тарихты да игеруге тырысатын жазушы. 

Енді бұл пьеса түркі елдерінің театрларында сахналанады. Ал, жазушы әлі де қаламын ұштап, ойын жұптап еңбек етіп жатыр. Себебі, қаламгер Қазақстан халқы Ассамблеясының тәжірибесін негізге алып, әлем жұртын бірлікке шақыратын тағылымды туынды жазуға ниетті.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу