Ресей нарығында Қытай көліктерінің саудасы саябырлады. Жыл басталғалы 215 автосалон жабылған. Санкцияның астында қалған көрші мемлекет қажетті жабдықтарды аспан асты елінен тасымалдап келді. Бізбен тікелей байланысқа Ресейдегі меншікті тілшіміз Индира Бегайдар шығуға дайын. Индира, автосалондардың жаппай жабылуына не себеп?
Индира Бегайдар, тілші:
Қытай көліктерін сататын автосалондардың Ресейде жаппай жабылуына бірнеше себеп бар. Мәселен, биылдан бастап утиль алымның өсуі, халықтың табысының төмендеп, сатып алу қабілетінің нашарлауы көлік саудасына кері әсер етті. Одан бөлек, банктердің пайыздық мөлшерлемесі көтеріліп, қазір көлікті несиеге алу тіпті мүмкін болмай қалды. Осы факторлардың барлығы Қытай автосалондарының жабылуына әсер етті. Сондай-ақ көлікке қажетті құрал-жабдықтар да жоқтың қасы. Себебі Ресейдегі көлік шығаратын кәсіпорындар шикізаттың 85 пайызын сырттан тасымалдады, дейді біз тілдескен сала мамандары.
Андрей Константинов, кәсіпорын қызметкері:
Біз көлікке қажетті жабдықтарды, қосалқы бөлшектерді өзіміз шығара алмаймыз. Өйткені бізде технология жоқ. Оны жүзеге асыру үшін ондаған жыл керек. Соңғы үмітіміз - Қытай, Үндістан және Беларусь еді. Барлық шикізатты осы үш елден алдық.
Тұрғындар отандық көлік шығаратын кәсіпорын өнімдерінің сапасы да тым нашарлап кеткенін айтады. «Әсіресе, көліктің қозғалтқышы қолайсыз ауа райында жарамсыз»,-дейді. Мамандар алдағы уақытта Ресейдегі көлік саудасы бұдан да төмендеп, нарықта тек 5 миллионнан астам автомобиль қалады деп болжап отыр. Отандық диллерлер Оңтүстік Кореядан машина сатып алмақ болды. Алайда, олар Ресейден санкция алынған жағдайда ғана әріптестік орнатуға дайынбыз деп мәлімдеген болатын.
Индира Бегайдар
