Данэлия Төлешова: Маған дауыс беріп қолдағаны үшін қазақстандықтарға алғыс білдіремін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Данэлия Төлешова: Маған дауыс беріп қолдағаны үшін қазақстандықтарға алғыс білдіремін

05.01.2018

Данэлия Төлешова Украинада өткен халықаралық «Голос. Діти» байқауының 4-кезеңінде бірден көзге түсіп, миллиондаған көрерменнің жүрегін жаулады. Ол шын тұлпарға тұсау жоқ деген тәмсілдің дәл айтылғандығын әлемге әйгіледі. Алматылық жас әншімен тілші Нұрлан Асқарұлы сұхбаттасып, оның болашақ жоспарын білді.

Данэлия Төлешова алғашында «Голос. Діти» байқауының сахнасында ән шырқасам, деп армандаған. Десек те, балапан әнші Қазақ елінің атынан сынға түскендіктен, тыңғылықты дайындықпен барды. Бір жарым жылдың ішіндегі жүйелі музыкалық дәріс пен тынымсыз ізденіс Данэлияға жол ашты.  

Данэлия Төлешова, «Голос. Діти» байқауының жеңімпазы:

- Мен маған дауыс беріп қолдағаны үшін қазақстандықтарға алғыс білдіремін. Олар таңғы 4-ке дейін ұйықтамай маған жанкүйер болды. Тіпті, біздің уақытпен 5-ке дейін тікелей эфирден менің орындауымды көріп, қолдау білдіргені үшін рахмет айтамын.  

Болатын баланы бетінен қақпа, белін бу, демекші анасы Елена Төлешова Данэлия қандай биік мақсатқа ұмтылса да, үнемі қолдап, қасында болды. Сондықтан, ол қандай жұмысты бастаса да, барын салып кіріседі. Ойынға көп уақыт бөлмейді.  

Елена Төлешова, Данэлия Төлешованың анасы:  

- Қазір әрбір қазақстандық бала мен олардың ата-аналары бір мақсатқа жетуді армандайды. Өйткені, бұл көшеде таңнан кешке дейін асыр салып ойнайтын уақыт емес. Сондықтан, барлық балалар өнер-білім игеруге құлшынады. Мен оған қуанамын. Қызым да сол өнерге құштар өрендердің бірі.  

Данэлия қазақ, француз, ағылшын, орыс және украин тілінде ән шырқайды. Ол ән айтудан бөлек, есеп шығарып, кітап оқығанды жақсы көреді. Өйткені, білімді екендігін де сахнада көрсетеді. «Сондықтан, менде бос уақыт жоқ», дейді жас әнші. Енді ол тағы да әлемдік жарыстарға қатысып, ел мерейін үстем етуге дайын екендігін жеткізді. Мәселен, өнерпаз балалар арасындағы халықаралық «Евровидение» байқауында бақ сынап көру үшін қазір қызу дайындалып жатыр.

Міне, біз бүгін еліміздің мақтанышы Данэлия Тулешовамен сұхбат құрдық. Біз осы әңгіме барысында оның арманының асқақ екенін, әлі алар асуы биік екенін аңғардық. Біз енді кішкентай қарындасымызға сәттілік тілейміз. Еліміздің көк байрағын көкте желбірете берсін. Сондықтан, Данэлия саған үлкен табыстар тілеймін.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу