Естен өшпес есімдер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Естен өшпес есімдер

28.12.2017

Кино саласы мен театр өнеріне бар өмірін арнап, халқына мол мұра қалдырған Құман Тастанбеков биыл өмірден озған еді. Өкінішке қарай, қазақ өнерінің абызы атанған Құман ағамыздан ғана емес, биыл басқа да тұлғалардан айырылдық. Орны толмас қаза  – қазақтың қабырғасын қайыстырды.

 «Қыз Жібек» фильмі -  қазақ киносындағы шоқтығы биік туынды, қазына. Ал, сол фильмдегі Төлегеннің бейнесі ең үздік сомдалған рөлдің бірі. Бірақ, Құман Тастанбеков ғибратты ғұмырын тек киноға емес, театрға да арнаған.  Енді, ел дарынды ұлын және ол сомдаған әр кейіпкерін де ұмытпайды, ұлықтайды. Қазақ кино өнері тағы да бір талантын жоғалтты. Белгілі кинотанушы Бауыржан Нөгербек дүниеден өтті. Отандық киноның, өнердің дамуына бар ғұмырын арнаған көрнекті тұлға биыл 69 жасқа толар еді.  Алаш ақынынан да айырылды. 95 жасына қараған шағында Мұзафар Әлімбаев дүниеден озды. Қайраткердың жүрегінен шыққан жырлар  -  елдің мұрасы. Ал, балалар  әдебиеті үшін сіңірген еңбегі -  ұшан теңіз. Абыздың орамды ойлары да елге бағыт-бағдар болып қала бермек.

Спорт саласында да сыз бар. Еліміздің даңқты спортшысы Тимур Сегізбав бақилық болды. Ол жаттықтырушы әрі Қазақстан футбол қауымдастығы басшыларының бірі ретінде елімізде спорттың осы түрінің дамуына елеулі үлес қосқан-тын.

Аралдың мәселесін бүкіл әлемнің алдында көтерген Ұзақбай Қарамановтың ел үшін еткен еңбегін халық жоғары бағалайды. Ұлтым деген азаматты ұмытпайды да. Өкінішке қарай, 80 жастан асқан шағында белгілі Мемлекет және қоғам қайраткері дүние салды.

Қазақ қызының қайсарлығын танытқан Кәмшат Дөненбаева да биыл өмірден өтті. Даңқты механизатор еңбек пен ерліктің ғана емес, қазақ аналарының да ізгі үлгісін көрсетті. Міне, осылайша қазақ елі биыл бірнеше орны толмас қазаны бастан өткерді. Олар өмірден озғанымен, халықтың жүрегінде мәңгі сақталады.

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу