Бүгін Парламент Мәжілісінде Кинематография туралы заң жобасының таныстырылымы өтті. Құжатты қызу талқыға салған депутаттар Мәдениет және спорт министрін сұраққа алды. Бұл салада кемшін тұстар жетеді. Ал, кино кез келген мемлекеттің мәдениет айнасы.
Индира Бегайдар, тілші:
- Әдетте заң жобаларының таныстырылымдарына вице-министрлер келетін. Бүгін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы құжатты депутаттарға өзі таныстырды. Өйткені, елімізде бұған дейін кино туралы заң қабылданбаған. Ал, жұмысы тек Мәдениет туралы заңдағы алты баппен реттелетін. Дегенмен, құжатқа қатысты депутаттардың сын-ескертпелері болды.
Еліміздегі кино жүйесі әлі бір қалыпқа түспеді. Сондықтан да кино туралы заң ауадай қажет болды. Заңды дайындау барысында Ресей, Франция сияқты мемлекеттердің кинематография саласындағы тәжірибесі зерттеліпті. Бірақ, құжаттың орысшадан қазақшаға аудармасы депутаттардың көңілінен шықпады. Ведомство басшысы болса заң жобасындағы қателерге қатысты тұшымды жауап бермеді. Дегенмен, құжаттың мемлекеттік тілде дұрыс әзірленуіне кім жауапты?
Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Бұл сұрақ стилистерге қойылады. Себебі, әркімнің өз мамандығы бар. Парламенттің өзінде стилистикаға қарайтын құрылым бар.
Осылайша, министр стилистикаға Парламенттің өзі жауап берсін деп жауапкершілікті ысырып тастады. Жалпы, кино нарығында жүйелі жұмыс керек. Бүгін тек қана 35 киноөндіруші мемлекеттік компания бар.
Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бізде кейбір кинотуындылар бар, қазақ тіліне аударылады. Бірақ, оларды прайм-тайм уақытқа қоймайды. Түсте, таңертең көрсетеді.
Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- «Алмас қылыш» шыққан кезде Павлодарда шу болды. Біз әкімге шықтық. Шатақ одан сайын көбейді.
Заң жобасына сәйкес, Ұлттық киноны қорғаудың мемлекеттік қоры құрылады. Әлеуметтік фильмдер мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Енді фильмді прокаттау куәлігі тек мемлекеттік тізімге енген фильмдерге ғана беріледі.
Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ол тізімге кіре алмаған фильмдер прокатқа шығарылмайды.
18 млн. халқы бар елде кинопрокат өз-өзін ақтамайды. Сондықтан, түсірілетін киноның сапасына назар аудару керек. Ұлттық кино, ұлттық өнер бірінші орында. Жалпы, бұл тек заң жобасының таныстырылымы ғана. Әлі оған өзгерістер енгізіліп, депутаттардың талқылауына түседі.
Индира БЕГАЙДАР