Көп мемлекет әлемнің ең үлкен нарығы АҚШ-пен тариф тартысына түскісі келмейтін секілді. Ақ үй баспасөз хатшысының айтуынша, 70 ел Америкамен бұл мәселе бойынша келіссөз бастауға ниет білдірген. Яғни, қарымта баж салығын енгізбей тұрып, мәміле жасасуға мүдделі. Трамп кез келген елмен өзара сауда жайын талқылауға дайын екенін бұған дейін де айтқан. Алайда, АҚШ президенті Америка бірінші ұстанымынан айнымайды дейді Ақ үй өкілдері. Яғни, өзге елдермен келісім американдық жұмысшыларға пайдалы болса және жылдар бойы сақталып келген сауда дефициті шешілсе ғана жасалмақ деп отыр.
Каролина Левитт, Ақ үйдің баспасөз хатшысы:
Менің ойымша, президент әр елге жеке, арнайы тәсілмен келіссөз жүргізеді. Бұл сол елдермен әскери байланысымыз және сол елдерде орналасқан әскерилеріміздің қаржыландыруы секілді мәселелер экономикалық келіссөздер кезінде талқылануы мүмкін. Бірақ бұл президенттің экономикалық командасының міндеті және бұл — тарифтер мен сауда келіссөздері.
Қытай тауарларына қосымша елу пайыз баж салығын енгізу тәртібі бүгін түнде күшіне енбек. Яғни, жалпы қытайлық тауарларға қойылатын тариф 104 пайызға жетпек. Ақ үй баспасөз хатшысының сөзіне қарағанда Трамп айтқанынан қайтпақ емес. Алайда, Қытай тарапының хабарласуын күтіп отырса керек. Бейжің мәмілеге келсе, АҚШ президенті баж салығы бойынша мәрттік танытуға дайын деп мәлімдеді.
