Ең жас жыршы Арай Оңғарқызы «Көрұғылы» дастанынан бастап 20-дан астам жыр-толғауды жатқа айтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ең жас жыршы Арай Оңғарқызы «Көрұғылы» дастанынан бастап 20-дан астам жыр-толғауды жатқа айтады

21.12.2017

Ең жас жыршы Қызылорда облысы Қармақшы ауданында тұрады. 6 жасынан сахнаға шығып, шежіреден сыр шертер жаһұт жырды көмейінен төгілтетін Арай Оңғарқызына Елбасының өзі домбыра сыйға тартып, бата берген. Бұл-кез-келгенге бұйырмайтын бақ. Сыр сүлейлерінің ізін жалғаған Арай «Көрұғылы» дастанынан бастап 20-дан астам жыр-толғауды жатқа айтады.

Қазір Тасберген жыраудың ұрпағы Арай 8 жаста. Тұрмағамбет, Ешнияз сал, Жиембет жыраудың жыр-термелерін құйқылжыта орындап, саф алтындай өнерді ұлықтап жүр. Жас дарынның бойынан ерекше талантты байқап, қанатын қомдаған ұстазы белгілі жырау Зәуре Кәрібаева Арайдың болашағынан үлкен үміт күтеді.

Зәуре Кәрібаева, «Тасберген жырау» үйірмесінің жетекшісі:

- Өнерге өте ынталы. Қандай өлең берсеңіз де жаттап алады.

Арай былтыр Алматы төрінде Президентпен кездесті. «Елін сүйген Елбасы» туындысын орындап, Нұрсұлтан Назарбаевтың ыстық ықыласына ие болды. Талантты жастың өнеріне риза болған Мемлекет басшысы Арайға ақ батасын беріп, домбыра сыйға тартты.

Арай Оңғарқызы, жас жыршы:

 - Мен осы Елбасы берген домбырамен көптеген жырлар айтып, бас жүлде, екінші орын алып жүрмін. Болашақта халықтың алдында жыршы болып жүре бергім келеді.

Сырлы мақаммен тәлімі зор термені төгілтіп айту айрықша өнер. Жырды жанымен ұғып, жүрекпен жеткізу де оңай емес.  Жыршылық өнер Арайға қанмен берілді.  Жүз шайыр шыққан Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген жас дарын қара домбырасын серік етіп, қазақтың жауһар жырын жарқырата бермек.   

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу