Елдің қабырғасын қайыстырған қаралы хабар тұтас Алаш жұртына ауыр тигені анық. Бірақ, оның артында еліміздің рухани әлемін байытқан мол мұра қалды. Құман Тастанбековті даланың топырағынан дарыған қасиеті биікке көтерді. Қазақ өнерінің абызы атанған Құман Тастанбековтің театр сахнасы мен кино өнерінде жасаған іргелі еңбегі елдің есінде. Ол өмірде өте қарапайым тұрмыс кешкенімен, өнерге аса жоғары талғаммен қарайтын.
Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Кинотуынды болсын, театр саласында болсын, сіңірген еңбегі орасан. Ол кісінің жарқын бейнесі, сомдаған образдары мәңгілік қазақ халқының жүрегінде қалады.
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында ұзақ жыл қызмет еткен Құман Тастанбеков талай жасты өнерге баулып, оларға ақыл-кеңесін беретін. Аға буынның тәлімін алған актер мол тәжірибесін шәкірттеріне үйретуден жалыққан емес.
Роза Әшірбекова, Қазақстанның Халық әртісі:
- Бір Төлеген образымен қазақ елін, өзін танытты. Иманы жолдас болсын.
Есіпбек Әбілмәжүнов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
- Әрине, орны толмас қайғы. Көш бастап жүрген өнердегі ағамыз еді. Өнерге адал қызмет етті. Театрда беріле қызмет атқарды.
Ұлтымызды әлемге танытқан «Қыз Жібек» фильмінің орны бөлек. Ал, Құман Тастанбеков сомдаған Төлегеннің бейнесі арқылы елдің рухы оянды. Сондықтан, қазақтың Төлегені болған бұл бейне халық жадында мәңгі сақталмақ.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ