«Astana musical» театры Брюссельде өнер көрсетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Astana musical» театры Брюссельде өнер көрсетті

11.12.2017

«Astana musical» театрының әртістері өнерімен Еуропа жұртын тамсантты. Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен былтыр ғана «Қазақконцерт» ұйымы жанынан құрылған жас театр Брюссельде «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклын сахналады. Өнер ұжымының Еуропаға сапары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Талғамы биік көрерменді тәнті еткен қойылымнан Нұрсұлу Қасымның репортажы.

«Қыз Жібек» - қазақтың лиро-эпостық жырының жауһары. Тағдырлары Ромео мен Джульеттаға ұқсас Жібек пен Төлегеннің бастан кешкенін білуге бельгиялықтар да асығыпты. Париж, Канн, Берлин сахнасында үш күн сәтті өнер көрсеткен театр ұжымының ендігі көздегені - бельгиялық кірпияз көрерменнің көңілінен шығу.

Асхат Маемиров, «Astana musical» театрының көркемдік жетекшісі, «Қазақконцерт» МКҰ директоры:

- Евгений Брусиловский жүйелеген «Қыз Жібекті» біз этно-фольклорлық ансамбльге лайықтап, қайтадан өңдедік. Ең бірінші жаңалығы сол. Сосын мұнда кәдімгі лиро-эпостық жыр жыраудың тілімен айтылып, әңгімеленіп, нақты шетелдік қонақтарға біздің жыраулар поэзиясының, қазақ этнографиясы мен фольклорының тамырының тереңде жатқанын көрсетеміз.

Оразәлі Игілік, «Astana musical» театрының әртісі:

- Төлеген болу мен үшін үлкен бақыт. Студент кезімде бұл рөлді армандадым. Енді үлкен сахнада ойнау бұйырғаны мен үшін мәртебе, қуаныштымын. Еуропаның сахнасында ойнауға қуаныштымын мен Қазақстанның жастарына мүмкіндік беріп жатқанына жоғарыдағы басшылыққа, министрлікке үлкен алғысымды айтамын.

Жағалбайлы руынан шыққан батыр Төлеген, Шекті руының сұлуы Жібек пен ел арасында ержүректігімен аты шыққан Бекежанның арасындағы қарым-қатынасты көрермендер еш аудармасыз-ақ анық түсінді. Мағынасы терең қойылым барысында еуропалықтар қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпымен танысты. Қобыз бен сазсырнайдың үнін естіп, қыз бен жігіт айтысын тамашалап, халықтың суырыпсалмалық қабілетіне тәнті болды.

Норбер Жустен, 2008-2011 жж. Еуропалық одақтың Қазақстандағы елшісі, саясаткер:

- Қазақстанның көне мәдениеті еуропалықтарға таңсық. Соны бізге мынадай ауқымды шара арқылы таныстырып жатқандарыңызды қатты бағалаймын. Бұл - Қазақстанның шетелдегі имиджі үшін мықты инвестиция. Қойылымның сапасы ерекше. Әртістер шеберлігінің арқасында спектакльдің мазмұнын көрерменге жеткізді.

Қазақстанның абыройын асқақтатқан жас әртістердің таланты бельгиялықтарды тамсантты. Қос ғашықтың қосыла алмай, өмірден озғанына күрсінген көрермен көз жасына ерік берді. Осылайша, жүректен шыққан дүние жүрекке жетті. «Astana musical» театрының әртістері «Қыз Жібекті» енді Вена мен Мәскеу театрларында сахналайды.

 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу