Құрылғанына 15 жылдан асқан Түркі мемлекеттері ұйымы бауырлас елдерді біріктіретін бірегей институт. Ұйымға мүше бес елдің арасында бүгінде саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық бағыттарда байланыс бекем. Жыл өткен сайын ұйымның аясы кеңейіп, өрісі артып келеді. Өткен жылы ұйымға төрағалық еткен Қазақстан бір жыл ішінде бірқатар маңызды шешімдерге қол жеткізді.
Алғашында кеңес болып құрылған Түркі елдерінің бірлестігі бүгінде белді халықаралық ұйымға айналды. Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан мен Өзбекстан осы ұйым аясында әр салада ынтымағын артырып келеді. Жылына бір рет өтетін саммитте маңызды құжаттар қабылданып, ұйымның аясы кеңейе түсуде.
Қубанычбек Өміралиев, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы:
Біздің ұйым аясында қазір 35-тен аса салада бірлескен жұмыстар жүріп жатыр. Оның ішінде саясат, қауіпсіздік, туризм, спорт, жастар, технология сияқты көптеген бағыт бар. Бір ғана экономикалық саланы алатын болсақ, ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы сауда айналымы өткен жылы 58 млрд долларға жетті. 2 жыл бұрын бұл көрсеткіш 45 млрд болған. Яғни бұл бағытта өте қарқынды даму бар.
Осы ұйымның құрылуына бастамашы болған Қазақстан бүгінге дейін оның дамуы үшін талай шаруа атқарды. Бас хатшының орынбасары Мерей Мұқажанның айтуынша былтыр төраға болған тұста біздің ел жүзден аса іс шара өткізіп, бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды.
Мерей Мұқажан, Түркі мемлекеттері ұйымы бас хатшысының орынбасары:
Нақты көрсеткіш ретінде осы төрағалықтың біз 16 құжатты атап өте аламыз. Бішкек саммитінде маңызды құжаттарға қол қойылды. Соның бесеуі біздің Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен, Қазақстанның бастамасымен ұсынылған құжаттар. Жасыл экономика бойынша, IT, ғарыш, тұрақты өкілдер институты тақырыптарында меморандумдар мен келісімдерге қол қойылды.
