Қазақстан сурет арқылы АҚШ-қа таныстырылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан сурет арқылы АҚШ-қа таныстырылады

08.12.2017

«Қазақстан әлем фотографтарының көзімен». Осылай аталатын көрме Нью-Йоркте БҰҰ штаб пәтерінде ашылады. Онда аты әлемге танымал Павел Антонов, Шигеру Иошида, Андрей Мартынов сынды фотографтардың туындылары бар. Мұхиттың арғы жағында таныстырылатын суреттерді тілшіміз де көріп қайтты.

Әлемнің үздік фототілшілері түсірген суреттер бір кітапқа топтастырылды. Бүгін таныстырылымы өтті. Қонақтар Қазақстанның әр аймағын аралап, ерекше деп таныған жерлерін суретке түсірген. Онда Астана, ЭКСПО көрмесі, ұлан-ғайыр даламыз бен күйбең тірлік үстіндегі ауыл да бар.

Қуатжан Уәлиев, ҚР Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы:

- Өздерінің көздерімен көріп, бәрін түсірді. Бұл жерде ешкімге ешқандай шектеу қойылған жоқ. Нені түсіргілері келеді, соны түсірді.

Сұлтан Сырайылов, «Photofest.kz» халықаралық фестивалінің атқарушы директоры:

- Біздің қарыштап дамып жатқан 50 мемлекеттің ішіне кіруге атсалысып жатқан мемлекетіміздің ең бір жақсы жақтарын осы суреттерден көруге болады деп сенемін.

Аймақтарды аралаған фотографтардың жұмыстары шілдеде көрмеге қойылып, Астана тұрғындары мен ЭКСПО қонақтарына көрсетілген. Жоғары бағаланған туындылардың 200-і енді АҚШ жұртшылығының назарына ұсынылатын болды.

Шүкір Шахай, фотограф:

- Шетелдің фототілшілеріне біздің табиғатымыз өте қатты ұнады. Олар «неге Қазақстанда туризмді дамытпасқа? Мына жерлер керемет екен», деп таңданыстарын білдірді.

Еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында АҚШ-та ашылатын көрме 1 жыл бойы келушілердің көзайымы болмақ.

 

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу