Наурыз мейрамының салтанаты әлі жалғасып жатыр. Солтүстік Америкада орналасқан Канада елінде қазақстандықтар жиналып, ұлыстың ұлы күнін атап өткен екен. Шетелде жүрген ағайын үшін мұндай жиын – ұлттық болмысты сақтап, жастарға тәрбие берудің тағылымды тетігі.
Рүстем Бакетаев Канадаға 4 жыл бұрын келген. Кәсіп ашып, қазір құрылыс жүргізіп, әлеуметтік жобаларға қатысады. Мектеп және медициналық мекемелерде ерекше қажеттілігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасайды. Тіпті, жақында «Apple» компаниясының кеңселерін жаңғыру бойынша келісім-шартқа қол жеткізген.
Рүстем Бакетаев, кәсіпкер:
Бұл жерде кәсіп істеу қиын емес. Ең бастысы өз ісіңді сапалы әрі адал атқарсаң болды. Бұл жақта компанияның бет-бейнесі, абыройына өте мән беріледі. Дегенмен, Қазақстанда да осындай үрдіс қалыптасқан ғой. Әр жердің ерекшелігі, оң және теріс тұстары бар. Егер біздің кәсіпкерлер Канадаға келіп, бизнес жүргізгісі келсе, қорықпай, бастап кетуге кеңес беремін.
Рустем сияқты Канадада өмір сүріп жатқан мыңнан аса қазақстандық бар. Олар бұл күні наурыз мейрамына орай бас қосып,ән шырқап, ұлттық тағымдардан дастархан жайды.
Гүлнар Ғабидуллина, косметикалық компаниялар қауымдастығының директоры:
Біздің дисапара бұл жерде өте мықты. Мыңнан аса қазақстандық бар. Мен сіияқты туған жерінен 27 жыл бұрын көшіп кеткен қазақтар үшін бүгінгідей басқосудың мәні бөлек. Біз жиналып, елге деген сағынышымызды басып, ұлттық әнімізді айтып, әңгіме-дүкен құрамыз. Бұл бізге және балаларымыз үшін өте пайдалы жиын.
Канада елінде өмір сүріп жатқан қазақстандықтар әр мереке сайын бас қосып, жасөспірімдерге елдің тарихы мен мәдениеті жайлы мол мағұлмат беруге тырысады. Бүгінгі думан соның бір айғағы.
Жалғас Сәдібекұлы
