Өзбекстандағы қазақтар да Наурызды тойлап жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстандағы қазақтар да Наурызды тойлап жатыр

22.03.2025

Наурыз мерекесі көршілес Өзбекстан елінде де бар сән салтанатымен өтіп жатыр. Бұл күні туыс бауырдың халін сұрау, көршілерге қыдыру, бір біріне сыйлық беру үрдісі бар. Осы елде тұратын қандастарымыз Ұлыстың ұлы күнінде ұлттық киім киіп, қазақтың өнерін паш етті.

Халқының 70 пайызын қазақтар құрайтын Науайы облысы Кенимех ауданындағы Наурыз салтанаты. Жыл келді деп шаттанған балалар асық атып, ләңгі теуіп мәз мейрам. Жасөспірім қыздар шекемтас ойынын қыздырып жатыр. Үлкендер жағы ақындар айтысын тамашалап бір жасап қалды. Қасиетті рамазанмен тұспа тұс келген мерекеде жарапазан да айтылды.

Ташкент облысында ұйымдастырылған мерекелік шараға да осы аумақта қоныстанған қандастарымыз өнер тартуын ала келген. Кіл қазақтар тұратын Бостандық ауданында жас домбырашылардан құралған Балауса аталатын өнер тобы бар. Ұлттық аспапты күмбірлетіп, талай жарыста топ жарып жүрген қыздардың әні құлақ құрышын қандырады.

Жарқынай Орманова Бостандық ауданының тұрғыны

Өзбекстанда жасайтын қазақ халқының арасында ұлттық салт дәстүрлерімізді дәріптеп келеміз. Өзіміздің қара домбырамызбен қазақша ән күйлерімізді тартып оқушыларымызға жас ұрпаққа оны ұмытылып кетпейтіндей етіп сіңіруге әрекет жасаймыз.

Өзбектің ұлы ақыны Әлішер Науайының «әр түнің қадыр болсын, әр күнің наурыз болсын» деген ұлағатты сөзі бар. Мерекенің мән маңызын осыдан ақ аңғаруға болады.

Базаркүл Отыншиева, тілші:

Ұлыстың ұлы күні наурызда міндетті түрде атқарылатын шаруаның бірі сүмалак қайнату. Бұл тағамды бауырлас ел бидайдың өндірілген дәнінен, сондай ақ ұн мен май қосып осылайша үлкен қазанға пісіреді.

Базаркүл Отыншиева

Хабарламаларға жазылу