Ыстанбұл қаласының мэрі қамауға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ыстанбұл қаласының мэрі қамауға алынды

19.03.2025

Бүгін таңертең Түркияның ең ірі шаһары Ыстанбұл қаласының мэрі Екрем Имамоғлы қамауға алынды. Оған лаңкестік ұйымға жәрдем берді, пара алды деген сияқты бірнеше бап бойынша ауыр айып тағылып отыр. Қала басшысымен қатар тағы жүзден аса адам да қамауға алынған. Екрем Имамоғлының қамауға алынуына байланысты Ыстанбұлдың орталық көшелері жабылып, метро қозғалысына шектеу қойылды.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Бүгін Түркия уақытымен таңғы сағат алтылар шамасында Ыстанбұл қаласының мэрі, елдегі ең ірі оппозициялық партияның өкілі Екрем Имамоғлының үйінде тінту жүргізіліп, соңынан қамауға алынды. Қала басшысымен қатар тағы 106 адамды қамауға алу туралы шешім шығарылды. Оларға ұйымдасқан лаңкестік ұйымға жәрдем берді, қылмыстық топ құрды, ірі көлемде пара алды және ірі көлемде алаяқтық жасады деген сияқты жеті түрлі айып тағылып отыр. Қазір қылмыстық іс аясында айып тағылған 107 адамның барлығы тергеу изоляторына жеткізілді. Олардың қатарында мэрдің кеңесшісі, Ыстанбұл қаласындағы бірнеше ауданның әкімдері мен журналистер де бар.
Ыстанбұлдағы жалпы жағдай қалыпты. Дегенмен қала губернаторының шешімімен қауіпсіздік мақсатында Ыстанбұлдың орталығындағы ірі көшелердің көпшілігі көлік қозғалысы үшін жабылды. Қала әкімдігі ғимаратының маңы полиция тарапынан қоршалып, қатаң бақылауға алынды. Бұдан бөлек бірқатар метро желісі де жұмысын тоқтатты. Ал Ыстанбұл губернаторы алдағы төрт күнде, яғни 23 наурызға дейін қала аумағында қандай да бір шеру немесе баспасөз мәслихатын өткізуге тыйым салынғанын мәлімдеді.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу