Жарапазан жырланды, Амал басталды! - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жарапазан жырланды, Амал басталды!

14.03.2025

Қардың көбесі сөгіліп, көктемнің лебі сезілген шақта ел тұрғындары әз-наурызды тойлауды бастап кетті. Бірлік пен берекенің ұйытқысы болған Амал мерекесінде ұлттық дәстүр насихатталды. Қостанайда орталық алаңда Жарапазан жыры айтылып, жақсылықтың нышаны саналатын дәстүр қайта жаңғырды.

Жарапазан – Ораза айында, ауызашардан соң айтылатын дәстүрлі діни жыр. Ауыл жастары мен балалар үй-үйді аралап, жұрттың мақтауын келістіріп, олардан сыйлық дәметеді. Осындай ұмыт боп бара жатқан ғұрыпты жастар жадына жаңғырту үшін өнерлі көш Жарапазан жырлады.

Марғұлан Оспанов, ақын:

Біздің солтүстік өңірде бұл кенжелеп қалған дәстүрлердің бірі. 3-4 жылдың ішінде қайтадан халық осы үрдіске келіп, жоғалып кете жаздаған дәстүрімізді жандандырып жатырмыз. Руханияттың көшінде жүрген өнерлі қыз-жігіттерден топ бастап жарапазан айтып, көрісуді қайтадан қазақпен қауыштырып жатырмыз.

Айлардың сұлтаны Рамазан биыл Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келді. Қостанай өңірі де Амал мейрамын тойлауды бастап кетті. Бұл жерде бүгін әр мәдени мекеме қазақтың ұлттық дәстүрлерін көрсетеді.

Бүгінгі шара онкүндік Наурызнаманың бастамасы. Көрісу күніне орай 6 киіз үй тігіліп, әр шаңырақ ақ дастарқан жайды, мейманға дәм ұсынды.

Ақылбек Шаяхметов, ақын:

Көрісу біздің ұғымымызда жат жұртқа кеткен қыздар көрісетін туған-туыстармен, алыста жүрген ағайындар, біреуге көңіл айтып келгендер көрісетін. Бірақ «Наурыз күні кәрі-жас құшақтасып көріскен» деген М. Жұмабайұлының өлеңі бар. Бұл қазаққа жат мейрам емес. Сондықтан ұзағынан болсын! Наурыз бір ғана күнмен шектелмеу керек, Наурыз бір ай бойы осылай тойлану керек.

Жалпы облыстық мәдени басқарма мейрамға қарсы барлығы 500-ден астам шара жоспарлаған. Ертең бұл жерде «Наурыз достарын шақырады» атты VI Халықаралық хореографиялық өнер фестивалі өтпек.

Мәдина Нағашыбай


Хабарламаларға жазылу