Ресейде енді блогерлер жарнаманы таңбалауы тиіс. Сонымен қатар, 10 мыңнан астам жазылушысы бар авторлар Роскомнадзорда тіркеліп, арнайы куәлік алуы міндетті және фейк ақпаратты таратуға да шектеу қойылған. Одан бөлек блогерлер салық органдарының алдында есеп беріп, кірісті декларациялайды. Роскомнадзорда тіркелмеген, аудиториясы 10 мыңнан астам жазылушысы бар аккаунттардың, Телеграм арналардың әкімшілері жарнама жариялай алмайды. Жаңа заңға сәйкес, тіркелмеген парақшалар мен арналардың ақпаратын бөліскендер 500 мың рубль, яғни 3 миллион теңгеге жуық айыппұл арқалайды.
Мамандардың айтуынша, медицина, психология сияқты салаларда коуч болу үшін, сәйкес жоғары білімі болуы керек. Өйткені адамдардың денсаулығына зиян тигізіп жатқан түрлі коуч, психологтар көбейген.
Марк Ерофеев, заңгер:
Қарапайым азамат 10 мыңнан астам аудиториясы бар блогердің жазбасын көріп, әлеуметтік желіде өз бетінше бұл жазбамен бөлісуді жөн көреді. Содан кейін бұл блогердің Роскомнадзор реестрінде тіркелген-тіркелмегенін тексермегені үшін айыппұл төлейді. Бүгін бөліскені үшін айыппұл төлетсек, ертең лайк басқан үшін де жазаға тартылады ма сонда?
Индира Бегайдар
